Үкімет халықты газбен емес, сөзбен қамтиды

Әлеуметке қажет деген негізгі инфрақұрылым қағаз жүзінде құлпырып тұрғаны секілді көгілдір отын жоспары да талай жылдан бері «тап-тұйнақтай» орындалып келеді.
Басқаны қойғанда қыс бойы түтінге тұншығатын бас қаланың жағдайынан біле беріңіз. Қазіргі стратегия да 2030 жылға дейін халықтың 65 пайызын газбен қамтып тастамақ. Соның нәтижесінде тағы 1,5 млн адамның қажеті өтеледі. Осы индикаторға жету үшін мерзімнен қалмай жұмыс істеп жатырмыз деген есептер де, өсімді көрсететін статистикалар да жетерлік. Тек шын мәнінде солай болса екен...
Табиғи газ дегеніңіз жалпы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тіпті экономиканың энергетикалық тиімділігін арттырады, экологиялық мәселелерді де шешуге ықпал етеді. Көгілдір отынға келгенде Қазақстанның қоры жеткілікті. Соған қарамастан, әлі күнге отынның осы түрін пайдаланып көрмеген қазақтар аз емес. Біреулері жақында газ келеді деп қуанып, артынан қайтадан көмір іздеуге мәжбүр. Ал бүгінгі статистика газдандыру деңгейі 62 пайыздан асты деп сайрайды. Бірақ осы қуантарлық жаңалық па еді?
Бірнеше жыл бұрын ғана Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында газдандыру деңгейі бойынша әлі де артта екені айтылған. Сөйтсек, одақтас елдердің көпшілігі газ мәселесінде бізді едәуір артқа тастап кетіпті. Табиғи газ қоры бойынша Ресейден ғана кейін тұрған Қазақстан халқын қамту көрсеткіші жөнінен тек Қырғызстаннан ғана озған еді. Есесіне, Беларусь газды бізден әлдеқайда аз өндірсе де импорт есебінен елінің басым бөлігін жарылқап қойған. Тіпті газ шығатын кен орындары жоқ Арменияның өзі көшбасшы елдердің қатарында. Оның қасында тұрақты өндіріп, арысы экспортқа шығарып отырған Қазақстанда ішкі ахуалды реттеу жағы баяу. Тек жоспар құруды қатырады екенбіз. Еліміз 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізбек...
Әдемі статистиканың астары
Газға бәрінен де ауыл халқы зәру екені жасырын емес. Күн суыса көмір жағып, пешпен жылынатындар көгілдір отын мәселесін жиі көтеріп келеді. Оған қатысты президент тапсырмасы да бар – үкімет газ тартылған елді мекен санын барынша арттыруы тиіс. Бүгінде елді газдандыру 2030 жылдарға арналған схемаға сәйкес жүзеге асырылып отыр. Енді сол жобаның нәтижесіне зер салайық.
2021 жылы Қазақстанда газбен қамту деңгейі халықтың шамамен 57 пайызын құрады. 2022 жылы бұл қатарға тағы 50 мың адам қосылды, сол үшін Ұлттық қорд мен республикалық бюджеттен 96,6 млрд теңге бөлінді. Ал 2023 жылы елдегі газдандыру деңгейі 60 пайызға жетті. Халық санына шаққанда – 12 млн адам. Былтыр тағы 107 жобаны іске асыруға 89,3 млрд теңге қарастырылған еді. Жақында оның да есебі шықты. Үкіметтің мәліметінше, биылғы сәуірдегі жағдай бойынша газдандыру деңгейі 62,4 пайызды құрап отыр.
«Газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісі және «Талдықорған-Үшарал» газ құбырлары секілді жобалар іске асырылып жатыр», – дейді премьер-министр Олжас Бектенов.
Аталған жобалардың да бюджеті аз емес. Тұтынушыларды ел ішінде газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымдық жоба болып саналатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу – 2,7 трлн тг, «Ақтөбе – Қостанай» газ құбырының құрылысы – 548 млрд теңге, «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының құрылысы – 131,7 млрд теңгеге бағаланған.
Бір қарағанда жыл сайынғы бөлінген қаржы жеткілікті сынды. Алайда мәселе азайған емес. Халық шағымы жол, ауыз су, жарықпен қатар газға да қатысты толастамай тұр. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын ғана депутат Мархабат Жайымбетов 2022 жылғы газдандыру деңгейі халық саны бойынша 59 пайыз болғанымен, 6 386 елді мекеннің 1 754-і немесе 27,5 пайызы ғана екенін баяндаған еді. «Қызылорда облысында 234 елді мекеннің 26-сы, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 465-і, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 274-і, Алматы облысында 384 елді мекеннің 147-і, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 22-і газдандырылған», – деген мысалын да келтірген.
Инфрақұрылым мүлде тартылмаған ауыл, қалаларды қойғанда, қаржысы бөлініп, есебі аяқталып қойған жобалардың да игілігін көру қиындап кеткен жағдайлар кездеседі. Мысалы, 2022 жылы Ақтөбе облысының Еңбекші кентіне екі жыл ішінде небәрі 5-ақ шақырым құбыр тартылған. Ауыл тұрғындары құрылыстың басталмай жатып тоқтағанын айтып, шағымданғанымен, жауаптылар тек шегере беріпті. Осы өңірдегі Жаңақоныс-3 ауылында да көгілдір отынды беру қайта-қайта кейінге қалдырылған. Нәтижесінде тиісті төлемдерді жасап болған ауыл тұрғындары қалаға барып «қыстауға» мәжбүр болды. Сол кездері Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 5 ауылда осыған ұқсас мәселе туындаған. Құбыр бар да газы жоқ. Ауыл халқы он жыл бойы құбырдан газ келер деп үздігумен жүрген. Түркістан облысы Түлкібас ауданында газдандыру жобасы түгілі, әкімдік балансына кірмей қалған ауыл да есімізде.
2023 жылы да бірнеше депутат мәселе көтерді. Олар өздерінің өңірлерді аралап жүріп ең көп естіген шағымдарының бірі газ екенін жарыса айтты. Ал Жоғары аудиторлық палата энергетика министрлігі осы мерзім ішінде 8,9 млрд теңгені игермей, нәтижесінде 105 елді мекен, 3 қала газбен қамтылмағанын мәлімдеген.
Былтыр одан да қызық жайттардың беті ашылды. Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде газ тартылғанымен, тұрғындар сол күйі көгілдір отынға қол жеткізе алмаған. Ал жауаптылар бұл мәселені шешу үшін демеушілер іздеп жатқанын айтқан. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында да осылай от жағып, көмірге қарап отырған ауыл халқы жиі шағым жасайды. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ахуал тіптен нашар. Ол туралы депутат Магеррам Магеррамов «ауылдан халықтың көшіп кетуі – су, жол, интернеттің жоқтығы және газдандырудың нашарлығынан болып жатыр. Осыдан кадр тапшылығы және жұмысшы мамандықтарының жетіспеушілігі туындап отыр. Үкімет бұл мәселені оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру арқылы шешуге тырысты. Алайда бұл бағдарламалар қажетті нәтиже бермеді. Солтүстік өңірлердің толыққанды дамуына қол жеткізу қалыпты газдандырусыз мүмкін емес. Қостанай облысында елді мекендердің тек 18 пайызы ғана газбен қамтылған. Солтүстік Қазақстан облысында мүлдем табиғи газ жоқ. Газдандыру мәселесі солтүстік өңірлерді инвесторлар үшін де, жалпы халық үшін де тартымсыз етеді», – деген.
Трендтен түспейтін тақырып
Бұл мәселе биыл да «трендтен» түспеді. 2025 жылы елді мекендерді газдандыру үшін 112,5 млрд теңге қарастырылған. Ақша берілгенімен, орындаушылар жұмысты жүйелей алмай отыр. Мәселен, Ұлытау облысын газдандыруға 3,9 млрд теңге бөлінген. Алайда оның 77 млн теңгесі ғана игерілген. Маңғыстау облысында былтыр тапсырылуы тиіс газ өңдеу зауытының құрылысы 3 жылға кешігіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 10 жыл бұрын көгілдір отын беріле бастаса да 8 ауыл әлі күнге құр қол отыр. Елорда іргесіндегі ауылдар мен Астананың өзінде де толық газдандыру қамтамасыз етілмеген.
«Мемлекеттің газ стратегиясы қайта жаңартылды. Себебі бұрынғы бағдарламаны орындау қиындап кетті. Өйткені газ өнімі күткеннен аз шығып жатыр. Ол туралы нақты есептерді қарауға да болады. Демек, бірінші мәселе газдың жетіспеушілігі. Ал халық саны мен өндіріс орындары көбейіп келеді, яғни тәуелділік арта береді. Бірақ біз газ кен қоры бойынша дүниежүзінде 22-орын аламыз. Енді оны шығарып алу мәселелері қаралуы қажет», – дейді мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов.
Сарапшының пікірінше, айтып бітпейтін проблема көп. Тек соны бір ізге түсіретін стратегия керек. Кейбір кен орындарында газ өндіретін зауыт жоқ, зауыты барлардың газы жоқ. Бәрін қойғанда, Қазақстанда бар газды жеткізетін инфрақұрылым жоқ. Мысалы, Астанаға газ құбыры келіп тұрғанымен, ол солтүстік, шығыс, орталық өңірлерге әлі толық жете қоймаған. Осы инфрақұрылым жағы да біраз мәселені ушықтырып отыр.
Табиғи газ ауыл халқының, тіпті моноқалалар мен кейбір үлкен қалалардың да проблемасына айналған. Жұрт әкімдіктерге арыз айтып, депутаттарға сенім білдіреді, журналистерге де жүгінеді. Газ жайын жиі еститініміз де содан. Сондықтан бағдарламаларды қабылдап, мақсат қоярда мәселені жан-жақты талқылау қажет. Ал бізде мәселелер ашық айтыла бермейді. Сондықтан жоспар басқа, шынайы жағдай басқа болып жатады.
Баян Мұратбекқызы