Үкімет Нұра су құбырын жөндеуге 3,1 млрд теңге бөлді
Үкімет Нұра топтық су құбырын реконструкциялауға резервтен 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Ұзындығы 337 шақырым Нұра топтық су құбыры – Ақмола облысының Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың баламасыз жалғыз су көзі. Бұл ретте 1967 жылы салынған магистральдық желінің пайдалану уақыты тиісті мерзімінен 2 есе асып кеткен. Су құбырының тозуы 90%-ға жеткен. Әсіресе, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының аумағы арқылы өтетін учаскеде жағдай күрделі. Ол жердегі негізгі құрылыстарды дереу ауыстыру және реконструкциялау қажет.
Қаулы Премьер-Министрдің 2024 жылғы 14 мамырдағы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Үкімет резервінен қаражат Нұра топтық су құбырын (1-кезек, 1 және 2 іске қосу кешендері) қайта жаңартуға бағытталады. Бұл құрылыс-монтаж жұмыстарын, техникалық және авторлық қадағалауды қамтиды, делінген хабарламада.
Үкімет жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отырғанын айтады.