Үкімет Ұлттық қорды тауыспай тоқтамайтын сияқты
Өткен аптада Brent маркалы мұнайдың бағасы 2021 жылдан бері алғаш рет 69 долларға төмендеді. Сол-ақ екен, халықаралық сарапшылар қара алтынның бағасына қатысты өз жорамалдарын айта бастады.
Мәселен, әлем бойынша қаржылық қызметтердің кең талдауын ұсынатын швейцариялық UBS қаржылық холдингі «алдағы екі жылда Brent мұнайының 1 баррелінің бағасы 75 доллар болуы мүмкін» деген болжам жасады. Әрине, холдинг сарапшыларының бұлай деуі біраз елдің көңіл күйін түсіріп, жоспарын бұзары анық. Экономикасы мұнайдан түсетін түсімге байланған елдердің дені UBS-тің бұл болжамын жатырқай қабылдады.
Болжамға себеп – төрт фактор
Алдымен халықаралық қаржылық холдингтің мұндай долбарды неге сүйеніп айтқанын тарқатсақ: бұған қатысты сарапшылар мұнайдың тұрақты құлдырауының төрт себебін алға тартты. Біріншіден, Ливиядағы мұнай өндірісінің қайта жаңғыруы қара алтын бағасының төмендеуіне себеп болады. Ливия – мұнай қоры жағынан Африкадағы ең үлкен өндіріс орны. Сондықтан бұл өндіріс қалпына келсе, нарықта өзінен-өзі мұнай көбейіп, оның бағасы да арзандай бермек. Бұған дейін Ливиядағы мұнай өндіруді қысқарту аясында өнім 60 пайызға дейін қысқартылған кезеңдер болған. Айта кету керек, осы уақытқа дейін Ливияның «Шығыс үкіметі» Триполидегі БҰҰ қолдауындағы үкіметпен келіспеушілік салдарынан мұнай өндіруді қысқартқан болатын. Қазір бұл елдер ымыраға келе бастаған. Сарапшылар осының барлығын тізіп келіп, мұнай бағасының төмендеуіне әсер ететін бірінші фактор нарыққа «Ливияның келуі» деседі. Екінші себеп – қазір Таяу Шығыстағы жағдай да түзеліп келеді. Былтырғы күздегі шиеленіскен жағдай қалыпқа түскен. «Былтыр Таяу Шығыстағы қақтығыс пен Ливиядағы жағдайға байланысты мұнай бағасы қымбаттаса, алдағы екі жыл арзан мұнаймен бетпе-бет келеміз» дейді халықаралық сарапшылар.
Қара алтын бағасының арзандауына үшінші себеп – Қытай экономикасына байланысты. Биылғы көктемнен бастап Қытай экономикасында белсенділік төмендеп, мұнайды аз тұтына бастаған. Қытай әлемдегі негізгі мұнай импорттаушы ел саналатындықтан бұл елдің қара алтынға сұранысының төмендеуі де нарықтағы бағаны мың құбылтпақ.
Төртіншіден, АҚШ экономикасындағы өнеркәсіптің өспеуі, биыл АҚШ-тағы іскерлік белсенділік индексі жыл басынан бері 50 шкаладан төмен болған күйі тұр. АҚШ-тың өнеркәсібіне де мұнайға деген сұраныстың аз болуы бағаны төмендетеді.
Енді бюджеті мұнай сату арқылы толығатын елдер жоспарларын қайта қарауды, кен орындарының жұмысын модернизациялауды, бюджеттің шығыстарын қысқартуды, резервтегі қорларын толықтыруды ұйғарып отыр.
Мұнайдан қайыр болмаса...
Халықаралық болжамдардың тектен-текке айтылмайтынын ескерсек, мұндайда Қазақстанға не істеу керек? Экспорттан түсетін табыс қысқара бастаса, ұлттық экономиканы қалай құтқарамыз?!
Әдетте Қазақстанның жиынтық экспортының өсіп немесе төмендеуі «қара алтынды» сатуға тікелей тәуелді. Былайша айтқанда, мұнайдан түсім көп түссе, экспорттық табысымыз да еселенеді. Ал енді сол мұнайдан қайыр болмаса, экспорттан түсетін табыс та қысқарады. Негізінде, соңғы бес жыл бойы бізде бұл табыс кемімеген. Тек биыл – жыл басынан бері мұнайдан түсетін түсім төмендей бастаған.
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, мұнай келісімшарттарынан түсетін кіріс 6 пайызға (10,9 млрд долларға жуық) өскенімен, экспорттық түсімдер төмендеп барады. Себебі елдегі мұнай өндіру деңгейінде өзгеріс, жаңашылдық жоқ, соған сәйкес кен орындарындағы өндіріс көлемі азайған. Мысалы, Қазақстандағы ірі мұнай өндіретін кен орындары – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ десек, былтыр сол ірі кен орындарының бірі Қашағанда мұнай өндіру қарқыны төмендеп қалған. Мұндағы ілеспе газды кері айдау мен өңдеу бойынша қуат мүмкіндіктерінің шектеулі болуы өндіріс көлемін төмендеткен.
«Былтыр жылдық мұнай өндірісінің көлемі 90 млн тонна болды. Мұның үштен екі бөлігі, шамамен 60 миллион тоннасы Теңіз, Қарашығанақ, Қашағанның еншісінде. Енді осы үш кен орнының біреуінде өндіріс көлемі азайса, бізге мұнайдан түсетін түсім де азаяды. Сондықтан болашақта үкімет және осы саланы бақылайтын «Қазмұнайгаз» компаниясы мұнай өндірісіне қатысты бақылауды күшейту керек. Қазір «Қазмұнайгаз» өндірістің тек 25 пайызын ғана бақылай алады. Бұл – дұрыс емес. Мұнай шикізатымен күн көріп отырған елдер – Венесуэлла, Дания, Норвегия, тіпті әлемдік нарықта мұнай арзандаса да мұртын балта шаппайтын Сауд Арабиясының өзінде де мұнай өндірісінің 90 пайызы бақылауға алынады. Бақылау күшейгенде бюджет те, салық түсімі де, экспорттық түсім де тұрақталар еді. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, ірі кен орындарына құйылатын инвестицияға қатаң бақылау қою керек. Мәселен, Теңіз кен орнын кеңейту үшін 45,2 млрд доллар жұмсалатыны айтылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шеврон мен энергетика министрлігі инвестициялар қорын құру бойынша 2021 жылы келісімге отырған. Жобаны орындаудағы қазақстандық қамту көлемі – 36 пайыз. Ең қызығы, өндіріс көлемін ұлғайтады деген тура осыған ұқсас жобаларға басқа мемлекеттер 12 млрд доллар ғана жұмсаған. Ал біз 45,2 млрд жұмсағалы отырмыз. Өкініштісі, былтыр аяқталуы тиіс жоба осы жылдың соңына кешіктірілді. Өзіңіз ойлаңызшы, нарықта мұнайдың бағасы арзандап жатса, елдегі кен орындарының жаңғырту жобалары уақытылы жүзеге аспаса, өндіріс қуаты төмендесе, әрине, бюджетке мұнайдан түсетін де түсім төмендейді. Мұндайда мұнайдан қайыр болмайды. Сондықтан бұл салаға салынатын инвестиция да, саладағы кен орындарының жұмысы да сүзгіден өтіп отыруы тиіс», – дейді Т. Шаяхметова.
Алтынға иек арта аламыз ба?
Мұнай бағасының арзандауы тек бүгіннен басталған жоқ. Биылдың өзінде мұнай бағасы үш мәрте құбылды. Бірінші толқын – сәуірде, екіншісі – шілде-тамыз айларында, үшіншісі – қыркүйек айында қайта айналып соқты. Үкіметте осы аралықта бюджетті қайта қарауға да, оның орынсыз шығындарын қысқартуға да, резервтегі қорды көбейтудің жолдарын қарастыруға да уақыт болды.
«Әрине, атқарушы билік өз кезегінде шараларды қабылдап жатыр. Бірақ қазір мұнайдың бағасы құбыла бастағанда көптеген елдер алтын-валюта қорларын қомақты етуге тырысады. Қазақстан болса, өзінің алтын қорын 3 жылда 27,4 пайызға азайтып алған. Қазақстанның алтын қоры 2011-2021 жылдар аралығында тоқтаусыз өсіп келді. Бұдан соң Ұлттық банк алтын қордағы саясатына өзгеріс енгізіп, қордағы алтынның үлесін төмендету үшін алтынды сата бастады. 2022 жылы алтын-валюта қорындағы алтынның үлесі 70 пайыздан асқан. Қазір Ұлттық банк ол үлесті 59 пайызға дейін түсірді. Ал АҚШ, Германия, Франция мемлекеттерінің қорындағы алтынның үлесі 70 пайыздан асқан. Бұдан басқа да көптеген дамыған елдерде, оның ішінде «үлкен жетілік» елдерінің қорларының жартысынан көбі алтынмен сақтаулы. Олар мұнайдың құны құбыла берген соң алтын жинау әрекетіне көшкен. Мұнай арзандаса, алтын қорына иек артатын елдер көп. Қазір алтын өнеркәсіптік металл ретінде де сұранысқа ие. Электроника әлемінде чиптердің көпшілігі алтынды өңдеу арқылы жасалады. Соңғы технологиялардың барлығы алтынға мұқтаж болып отыр. Мұны ескерсек, болашақта алтын өндірісін дамыту үлкен пайда әкелетінін, үкімет осы саланы дамытуға күш салуы керектігін түсінеміз», – дейді Т. Шаяхметова.
Алайда бізде бұл өндірісті дамытудан бұрын заңсыз өндіру және ұрлаудан мемлекетке түскен шығын 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұған қатысты жуырда сенат отырысында Андрей Лукин Қазақстан жер қойнауынан алынатын алтынның шамамен 25 пайызы заңсыз өндірілетінін, 2020 жылдан бастап құнды металдарды заңсыз өндіруге қатысты 133 құқықбұзушылық тіркелгенін мысал еткен. Ал экономистердің есебінше, Қазақстанда 18 пайыздық көлеңкелі экономика болса, соның 5 пайыз үлесі алтын өндіруде де бар.
Не істеу керек?
Тау-кен өнеркәсібі, уран, мұнай-газ саласынан бөлек, отандық өндірісті арттырып, жеңіл өнеркәсіпті дамытып, өзіміздің өнім шығару қабілетімізді жоғарлатуымыз керектігі бұған дейін де айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Осыған қатысты халықаралық Goldman Sachs банкінің сарапшылары жуырда «мұнай бағасы 18 долларға дейін төмендесе де экономикасы артып, жалпы ішкі өнімі артатын елдер баршылық» деген мәлімет таратты. Банк сарапшылары болшақта жеңіл өнеркәсібін дамытып алған – Қытай, Үндістан, Түркия, Бразилия, Италия, Индонезия елдеріне арзан мұнай қосымша мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеген. Ал біз мұнай арзандаса әдеттегідей бюджетті қайта қараймыз. Біраз шығындарды қысқартамыз. Десек те, мамандардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанның бюджетін енді қысқарту қиын. Өйткені ондағы жоспар бойынша бюджет қызметкерлері, мұғалімдер жалақысы, зейнетақы, шәкіртақы инфляцияға қарай индексация жасалып отыруы тиіс. Сондықтан шығыстарды қалай қысқартсақ та, бұл әдіс бізге анағұрлым пайда әкеле қоймайды. Мұндайда, әрине, тапшылықты жою үшін тағы сол Ұлттық қорға қол салатын «дәстүрге» жүгінуге тура келеді. Биыл үкімет жыл басынан бері Ұлттық қордан 2,76 трлн теңге алыпты. Ал 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын бекітерде 2025 жылдың Ұлттық қор үшін «шиеленісті жыл» болатынын, бұл жылы қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансфертті және 3,3 трлн теңге нысаналы трансфертті қоса алғанда 5,3 трлн теңге алынатынын үкімет әлдеқашан мәлімдеп қойған. Қазір ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «өңдеу өнеркәсібін дамытып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық өсу қарқынын 6 пайызға жеткізуге болады» деп жүр. Кім білсін, бәлкім, арзан мұнай бізге осындай мүмкіндіктер ашар. Бірақ осы уақытқа дейін де қара алтын бағасы сан мәрте құбылды, экономика талай мәрте дағдарды. Сол кезеңдерден сабақ алып, өңдеу өнеркәсібін тым құрығанда осыдан он жыл бұрын нақты дамыта бастағанымызда қазір жемісін көрер ме едік?
Қайбір жылы үкімет «Қарапайым заттар экономикасын» дамытамыз деп біраз күпінген. «Ішкі нарықты отандық тауармен толықтырып, өңдеу өнеркәсібіне жан бітіреді, халық тұтынатын тауарларды көптеп шығарады» деген мақсатпен құрылған бұл бағдарламаның әу бастағы дақпырты мықты еді. Әйтсе де, қабылданғанына төрт жыл өтсе де бұл бастаманың ауыз толтырып айтарлық нәтижесін көре қоймадық. Әлі де сол әлемдік нарықта шикізат бағасы түссе, көңіл күйіміз қоса түсетін кейіптен арыла алмай отырмыз...
Ұлттық қорда қалған азын-аулақ ақшаға арқа сүйеп алдық па, әйтеуір жыл сайын триллиондап алып жатырмыз. Қандай министр, қандай премьер келсе де, үкіметтің Ұлттық қор ақшасын тауыспай, көңілі көншімейтіндей көрінеді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ