Үкімет үнемде деуді біледі, үнемдеуді білмейді

Қазақстанда бюджет қаражатын үнемдеу, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыны шашау шығармай ұстау жағы үнемі айтылғанмен, ойдағыдай жүзеге аса қоймайтын сценарий.
Өткен аптада мәжіліс депутаттары бюджет қаржысы күмәнді жобаларға жұмсалып жатқанын тағы айтты. Бұл ретте депутат Мархабат Жайымбетов үкімет басшысы Олжас Бектеновтен бюджетті игеруде артық шығынға жол бермеуді сұрады.
Рас, Аудиторлық палатаның ақпараты бюджет қаржысы қалайша есепсіз жұмсалғанын анық көрсетіп отыр. Көлік саласының өзінде бір емес, бірнеше мысал мұны дәлелдейді. Мәселен, «БАКАД» жобасының сметасы долларды 575 теңгеден есептеп жасалған. Ал үкіметтің бұл жобаны орындауға бекіткен ресми бағамы – 540 теңге. Осы айырмашылықтың өзі-ақ 2 млрд теңге артық шығынға әкеліп отыр. Сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына бөлінетін қаржы да күмәнді. Бұл салаға жыл сайын 8 млрд теңге субсидия қарастырылған. Бірақ лизинг шарттары бекітілмеген. Құқықтық тұрғыдан да, қаржылық тәртіп тұрғысынан да құжаты жоқ жобалар қаржыландырылған.
Мархабат Жайымбетов шекарадағы өткізу бекеттеріне 2021 жылдан бері мол қаржы бөлінгенін де айтты.
«Бірақ жұмыс әлі толық аяқталған жоқ, бюджеттен қайта-қайта қосымша қаражат сұралып отыр. Нәтижесінде 8 жобаның алтауында артық шығын көлемі 26 млрд теңгеге жеткен. Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Қарасу» бекетіне қосымша 6,9 млрд теңге сұралып отыр. Бірақ ол бойынша сараптама қорытындысы да, жер учаскесіне құқықтық құжаттар да жоқ. Мұндай жағдайда қаржы бөлу ашық талан-таражға жол ашқанмен тең».
Тарта жесең, тоғыз млрд қалады
Рас, бізде бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жөнделген тасжолдардың бірнеше айда бұзылып қалатыны; мектеп, аурухана, балабақша құрылыстарының сметасы қымбат, бірақ сапасының төмен болатыны көз үйренген жағдай. Одан бөлек, ел имиджін көтереміз деген желеумен бюджеттен қомақты қаражат бөлініп өткізілетін елге тиімсіз, пайдасы аз форумдар мен көрмелер; шетелдік немесе жергілікті «кеңесшілерге» төленген миллиондаған сомалар үнемі күткен нәтижеге жетпей жатады. Ашылмай жатып істен шыққан немесе халық қолданбайтын платформалар; құны шарықтап кеткен, бірақ қарапайым қажеттілікті де қанағаттандырмайтын ІТ-жобалар; жарты жолда тоқтап қалған «сақалды» құрылыстар; сұраныссыз инфрақұрылымдар, яғни халық аз қоныстанған аймақтарға салынған әуежайлар, вокзалдар, спорт кешендері; жоспарланбаған ауылдық және өңірлік жобалар; қажетсіз саябақтар мен субұрқақтар; ауыз су немесе жолы жоқ ауылға салынған «көркейту» жобалары жетіп артылады.
Деректерге жүгінейік, 2024 жылы бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану көлемі 475 млрд теңгені құрапты. Ал анықталған жалпы заңбұзушылықтар көлемі 862 млрд теңге. 2022 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджеттік қаражат 217 млрд теңге болса, 2020 жылы тиімсіз пайдаланылған қаражат 570 млрд теңгені құраған. Қазақстан бюджетінің бір ғана білім саласына жұмсаған шығыны 1 трлн теңгеге жеткен. Бірақ соның бәрін ұтымды, үнемді ұқсаттық деп айта алмаймыз. 2024 жылы мемлекеттік сатып алулар көлемі 8,8 трлн теңге болған, ал соларды оңтайландыру арқылы 840 млрд теңге ғана үнемделіпті. 2024 жылы 1 460 аудит тексерісі өткізіліп, мұнда 271 млрд теңге тек қаржылық заңбұзушылық анықталған, солардың ішінде 221 млрд теңге қаражат қайтарып алынған. Ал 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республикалық бюджетке бөлінген қаражаттың бір бөлігі игерілмеген. Нақты игерілмеген сома – 494 млрд теңге, ал үнемдеу ретінде көрсетілген бөлігі 9 млрд теңге ғана.
Тоғыз айда тоғыз млрд былтырдан бері бюджеттің қаражатын барынша үнемдейміз деп уәде беріп жүрген үкіметке жараса қоймайды. Мал шашпақты тоқтатамыз деп Цифрлық аудит және қаржы бақылау жүйелерін жетілдіруді қолға алған; «Онлайн бюджет мониторингі» (ОБМ) жүйесін енгізіп, бюджет шығыстарын нақты уақыт режимінде бақылаймыз деген; қоғамдық қызметтерге бөлінетін қаражатты қысқартуды жоспарлаған; мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, азаматтық қызметшілер санын қысқарту, мемлекеттік ұйымдарды оңтайландыру, әкімшілік шығындарды азайтып, жаңа әкімшілік ғимараттарын салу, имидждік шаралар, қызметкерлердің іссапар шығындары секілді шығындарды азайтып жатып жеткеніміз – 9-ақ млрд екен.
Ұлттық қор – үкіметтің қауіпсіздік жастықшасы
Салалық мамандар бюджет қаржысы нақ осылай ұстала беретін болса Қазақстанның бюджеті алдағы уақытта үлкен сынаққа тап болады дейді. Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, еліміздің мемлекеттік бюджеті соңғы жылдары үлкен өзгерістерге тап болып отыр. Әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдайлар, әлеуметтік міндеттемелердің артуы – мұның барлығы республикалық бюджеттің құрылымына әсер етуде.
«Елімізде 20 өңір бар делік, 2026 жылдың республикалық бюджетінде тек Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы донор өңірлер ретінде орталық бюджетке 880 млрд теңге аударуға тиіс. Ал қалған 17 өңір, керісінше, субвенция (өз табысы жетпейтін) өңір ретінде орталықтан 5,1 трлн теңге көмек алмақ. Сондай-ақ алдағы жылы әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаражаты 10,6 трлн теңгеден асып отыр. 2026 жылғы республикалық бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Ал экономиканың нақты секторына ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, өнеркәсіп салаларына қаражат көлемі салыстырмалы түрде аз. Бұдан бөлек, келер жылы үкімет білім саласына да үйіп-төгіп қаржы бере қоймайды. Мысалы, 2023 жылы білім саласына бөлінген қаражат 2 917,8 млрд теңгеге жеткен. Енді 2026 жылы бұл салаға небәрі 811,3 млрд теңге бөлінбек. Бұл шынымен де алаңдайтын жағдай. Жалпы, 2022 жылы республикалық бюджет кірісі 15 665,0 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 22 889,0 млрд теңгеге дейін өседі. Шығындар да осындай қарқынмен артып жатыр. Бюджет шығысы 18 050,0 млрд теңгеден 27 275,0 млрд теңгеге жетпек. Яғни кіріс пен шығыс арасындағы айырма да біртіндеп ұлғайып отыр. Егер жағдай осылай бола берсе еліміздің бюджеті үлкен сынаққа тап келуі мүмкін», – дейді қаржыгер.
Маманның ойынша, осыдан кейін үкіметтің «енді Ұлттық қордан қаражат алмаймыз» деген уәдесінде тұруы да қиындайды. Еске салсақ, үкімет бұған дейін Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің айтарлықтай қысқаратынын айтқан. Бұл сома 2025 жылы 4 580,0 млрд теңгені құраса, 2026 жылы 2 770,0 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл жағдайда үкімет екі жолдың бірін таңдауға мәжбүр еді. Оның біріншісі, не салықтарды арттыру, не сыртқы қарызды көбейту болған. Әзірге үкімет келер жылдан бастап жаңа Салық кодексімен жұмыс істемек.
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің сөзіне сүйенсек, Ұлттық қор трансферттерінің қысқаруы жағдайды одан сайын қиындатады.
«Алдағы уақытта Қазақстан үшін ең үлкен сын – әлеуметтік саясат пен қаржылық тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті табу болмақ. Егер мемлекет әлеуметтік шығындарды қысқартпай, керісінше, тиімдірек бағыттай алса, ал кірістерді арттырудың жаңа жолдарын тапса, онда бұл күрделі кезеңнен ойдағыдай шығуға мүмкіндік бар. Бірақ қазір үкімет «әлеуметтік шығыстардың өсуі бюджет тапшылығын арттырып отыр» дегенді айта бастады. Сол үшін де алдағы уақытта тиімсіз және күмәнді әлеуметтік төлемдер төленбейді. Әрине, бұл – орынды. Енді үкімет зейнеткерлердің, студенттердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын төлемей отыра алмайды. Демек алдағы бір жылдың ішінде экономиканы дамытудың жаңа көзін табуымыз керек немесе тапшылықты Ұлттық қор арқылы толтырамыз, болмаса сырттан қарыз сұраймыз.
Осы уақытқа дейін экономиканы әртараптандыру керек деп зар қақсадық. Экономика әртараптанса, салықты жоғарылатпай-ақ жаңа салық түсімдері қалыптасатын еді. Көлеңкелі экономиканы азайта алмай отырғанда, бизнестің салық төлемей жалтаруы да бюджетті абдыратады. Бұдан тағы экономикалық тепе-теңдік бұзылып, қарызға тәуелділік артады. Бюджетінде тапшылық жоқ, тек профициті (артық қаржы) бар елдің бірі – Норвегия. Норвегия бюджетінде де мұнай мен газдан түсетін кіріс жоғары. Бұл ел жыл сайын 100 млрд доллар активі бар Мұнай қоры (Oil Fund) арқылы болашақ ұрпаққа қаржы жинап отыр. Кезінде біздің Ұлттық қор осы елдің үлгісіне сүйеніп жасалған еді. Өкінішке қарай, Ұлттық қор қазір үкіметтің қауіпсіздік жастықшасына айналып кетті», – дейді маман.
Біздің шенеуніктер Норвегиядан басқа елдерді жиі үлгі етеді. Мәселен, олардың мысалынан түспейтін Сингапурда да бюджеттік шығындар қатаң бақыланады. Бұл елде де қатаң бюджеттік ереже «қарыз тежегіші» жұмыс істейді. Қазір бұл ел экономиканы әртараптандыруға көп қаражат бөліп жатыр. Сингапурдың бюджетін жасанды интеллект, жасыл экономика, қарапайым заттар экономикасы қомақты түрде толтырады. Ал біздің 2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қарапайым заттар экономикасы» жобасына 1 трлн теңгеден артық қаражат жұмсалған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанда күнделікті тұтынатын өнімдердіөзімізде өндіру, импорттық тәуелділікті төмендету, сол арқылы бюджетке пайда әкелу болған. Бірақ қазір аталмыш жобаның атауы анда-санда ғана естіліп қалады.
Қазір басқаны қойып, бюджетке шығын әкелген жобалар мен салалар арасында «Бәйтерек» ұлттық холдингі жасаған жобалар да бар. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» арқылы жүргізілген кей жобаларда артық шығындар және басқару кемшіліктері байқалды. Бұдан басқа Алматыдағы «Алматы-Қапшағай» тасжолы жобасында жобалау мен құрылыс құнынан асып кеткен шығындар байқалды. Мемлекеттік қолдау алған кейбір жобалар табыс әкелмей, өндірістік процестер дұрыс ұйымдастырылмады. Жаңартылатын энергия көздеріне бөлінген қаражаттар да діттеген мақсатқа жетпей, сала өте баяу дамып жатыр. Алайда біздің шенеуніктер «дамып жатырмыз» деп есеп бергенде алдарына жан салмайды. Тіпті үкіметтегі министрлер қызды-қыздымен таяу бес жылдықты қойып, 20–30 жылға жоспар құрып, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму жоспары туралы да баяндама жасай береді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ