Үкіметтегі қарбалас: Тоқаевтың тапсырмасы нені білдіреді?
Украина мен Ресей арасындағы соғыс ушығып тұр. Батыстың рұқсатын алған Киев Ресейдің Курск облысындағы әскери нысандарды алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымыранмен атқыласа, Мәскеу баллистикалық зымырандарын іске қосты.
Украина өткен аптаның басында Ресейдің ішкі жағындағы нысандарға АҚШ-та шыққан ATACMS және британиялық Storm Shadow зымыранымен соққы жасады. Ал 21 қарашада Ресей Украинаның Днепр қаласына баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. Мұны сол күні Ресей президенті Владимир Путин растап, орта қашықтыққа ұшатын жаңа қару түрі – «Орешник» зымыранын сынақтан өткізгенін хабарлады. Ол мәлімдемесінде «Орешник» секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен ұшатынын айтып, әлемде бұл әскери зымыранға қарсы тұратын қару жоқ деп мақтанды.
Мамандардың айтуынша, мұндай зымыран ядролық қарумен шабуыл жасауға арналған. 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан бері Ресей құрлықаралық баллистикалық зымыран түрін қолданбаған еді. Кремльдің күтпеген жерден сол қаруға қол артуы соғысты бұған дейін болмаған күрделі деңгейге жеткізді.
Ақорда неге алаңдады?
Путин Украинаға баллистикалық зымыран ұшырып, батыс елдеріне сес көрсете сөйлеген соң Ақорда мен үкімет арасында қарбалас байқалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті әкімдерге қауіпсіздік шарасын шұғыл күшейтуді тапсырды. Премьер-министр, президент әкімшілігінің басшылығы және күштік құрылым жетекшілері мен әкімдер «Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауға» тапсырма алды.
Кейін премьер-министр Олжас Бектенов қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика және қаржы министрін жинап, жедел кеңес өткізді. Ал 25 қарашада Тоқаев Жақсылықов пен ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, олардың әскерилердің дайындығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы есебін тыңдады.
Ел билігінің аяқ астынан қауіпсіздік шараларын қолға алып, қарбалас күйге түскені көпшілікті алаңдатқаны рас. Әсіресе президент Тоқаевтың тұтас мемлекеттік аппаратты аттанысқа келтіріп, соғыс қаупі туралы айтқаны көңілге күдік ұялатты. Қазақстан соғыс басталғаннан бері екі тарапты бейбіт келіссөзге шақырып, туысқан славян халықтарын татулыққа үндеп жүрген. Ресми билік бүгінге дейін екі ел арасындағы соғыстан Қазақстанға қандай да бір қауіп бар екені жайлы айтқан емес.
Рас, жұрт арасында Ресей Украинаны жеңсе, империялық пиғылы күшейіп, өзге көршілеріне де көз сүзуі мүмкін деген қауіп бар. Бірақ мұны халық айтып жүр. Ресейді ең жақын дос ел деп санайтын қазақ билігі Мәскеу жайлы мұндай «жаман ойға» берілген емес. Тіпті көрші ел басшысының «қазақта ешқашан мемлекет болмаған» деген сөзі де біздің билікті алаңдата қойған жоқ. Бұған дейін Абзал Құспан, Ермұрат Бапи сияқты мәжіліс депутаттары соғыс қаупі туралы сөз қозғаған. Мысалы, Құспан «соғыс іргемізге келіп тұр, жастарымыз әскерге дайын емес» деп мәселе көтерді. Ал Бапи «2030 жылы соғыс болады» деп болжам жасап, қорғаныс саласына бөлінген қаржының аздығын сынаған.
Бұл – қалыпты құбылыс
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев мұндай дайындық шараларынан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ деп санайды.
«Бұл жерде таңғалатын ештеңе жоқ деп есептеймін. Әр мемлекет өз қауіпсіздігін ойлауы қажет. Қарулы күштеріміз қашан да дайын тұруы керек. Әр елді өз әскері қорғамаса, басқа кім қорғайды? Әскер соғысқа, шабуылға жауап беруге дайын болуы керек. Шекарамызға жақын маңда соғыс жүріп жатқан кезде қауіпсіздік шарасын күшейту – қалыпты құбылыс. Тіпті әскер бейбіт күнде де бәріне дайын болуы керек.
Ресей баллистикалық зымырандарын Украинаны талқандау үшін емес, АҚШ пен Еуропа елдеріне қыр көрсету үшін қолданды. Олардың көздегені қолымызда мынадай қуатты қаруымыз бар деп, батыс жұртын қорқыту деп ойлаймын. Ал бұған Еуропа жауап беріп жатса, Ресейдің одақтас елі ретінде бізге де оңай тимейді. Сондықтан бұл соғыстың қалай өрбитіні Қазақстан үшін өте маңызды», – дейді сарапшы.
Дегенмен өткен апта биліктің ойын біршама өзгерткен сияқты. Мысалы, Ресей баллистикалық зымыранын Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан атқан. Украина тарапы жауап ретінде Капустин Ярды нысанаға алған. Бұл полигон Атыраудан небәрі 500 км қашықтықта жатыр. Яғни соғыс аймағы бізге өте жақын жерде жүріп жатыр. Сондай-ақ жақында желіде ядролық соғыс картасы деген сурет тарады. Ондағы мәлімет бойынша алда-жалда ядролық соғыс бола қалса, Қазақстан ядролық қару зардабын ең көп тартатын елдер тізімінде тұр екен. Өйткені Қазақстан ядролық державаларға жақын орналасқан, әлдекім жойғыш қару қолданса, тыныш жатқан біздің елге де зардабы оңай тимейтіні анық.
Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:
«Менің ойымша, дәл қазір біздің елге әскери тұрғыда еш қауіп жоқ. Бірақ геосаяси шиеленіскен кезде түрлі деңгейде сақтық шарасын пысықтап отырған артық болмайды. Өткен жұмадағы шешімдер осындай қиын сәтте мемлекеттік құрылымдардың дайындығын пысықтауға бағытталған қадам деп білемін. Мұндай геосаяси жағдайға байланысты мемлекеттердің өз қауіпсіздігіне байланысты алаңдауы қалыпты құбылыс. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, қазір 92 мемлекет түрлі деңгейдегі қақтығыстарға тікелей немесе жанама түрде қатысып жатыр. Ал 97 мемлекет қорғаныс бюджетін өсіріпті. Яғни әлемнің әр түкпіріндегі елдер қорғаныс саласын бекемдеп жатыр. Сол қатарда біздің де белгілі мөлшерде өз қауіпсіздігімізге қатысты алаңдап, дайындықты пысықтауымыз заңды.
Бірақ бізді алаңдатып отырған басты мәселе – осы күнге дейін, тіпті Кеңес одағы мен АҚШ-тың қырғи қабақ соғысы кезінде де тек сынаққа ғана пайдаланылған зымыран алғаш рет соғысқа қолданылып отыр. Бұрын баллистикалық зымыранды, соның ішінде орта қашықтыққа арналған құрлықаралық зымыран деп аталатын ауыр зымыран түрлерін ешбір мемлекет стандарт қару-жарақ қолданылатын конвенционалды соғыста пайдаланған емес. Тіпті ол ешқашан соғыс жағдайында қолданылған жоқ. Ресейдің осы қаруды іске қосуы көптеген мемлекетті алаңдатқан сияқты, біздің ел де белгілі мөлшерде алаңдаушылық танытып отыр деп ойлаймын.
Ал Капустин Ярдан ұшырылған зымыран Ресейдің басқа өңірлерінен де ұшырылуы мүмкін. Оның үстіне ол шахтада қолданылатын зымыран емес, әрі-бері қозғауға болатын, тасымалданатын зымыран. Сондықтан Капустин Ярдан ұшқан зымыранға байланысты бізге қауіп төнеді деп күдіктенбеймін. Бірақ сақ отырған артық болмайды. Қанша технология жетілді дегенмен, соғыста түрлі қару-жарақтың, зымырандардың нысанасынан ауытқып кететін кездері болады. Мысалы, 1999 жылы Югославияны бомбалау кезінде АҚШ-тың бірнеше зымыраны нысанадан ауытқып, Қытай елшілігіне тиген. Әрине, оны әдейі жасады деген сөз бар. Бірақ ресми ақпарат бойынша зымыран нысанадан ауытқыды деп бағаланды. Сондықтан зымыран нысанадан мүлт кетуі мүмкін екенін ескеріп, сақтық шарасын пысықтап отырған жөн», – дейді сарапшы.
Әскери тұрғыдағы дайындық дегенде, ең алдымен жылу электр станциясы, аурухана сияқты стратегиялық нысандарды күзетуге күш жұмсалатыны белгілі. Сондай-ақ әуе шабуылына қарсы және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін күшейту, ТЖМ-ның жұмыс деңгейіне ревизия жасау, болуы мүмкін арандату әрекеттерінің алдын сияқты қауіпсіздік шаралары жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, жүріп жатқан әскери дайындықты жарияға жар салу міндет емес, тіпті кей деректі билік әдейі құпия ұстайды. Мысалы, үкімет белгілі бір аймаққа әуе қорғаныс күштерін әкелсе, оны ешқашан ашық жарияламайды.
Үшінші дүниежүзілік соғыс бола ма?
Жақында Ресей мен Украина соғысына Солтүстік Корея араласты. Ким Чен Ын жібірген солдаттар Курск облысында ұрысқа араласып жатқаны айтылып жүр. Сондай-ақ Путин Украинаға қару берген батыс елдеріне жұдырық түйіп отыр. Осы жағдайларға байланысты соғыстың ауқымы кеңейіп, үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетпей ме деген сұрақ туындайды.
Бірақ сарапшылар соғыс ауқымы географиялық тұрғыда кеңеймейді, басқа елдер қақтығысқа қатыспайды деп санайды. Әлемдік көшбасшылар соғыстың өршуіне мүдделі емес. Ал жағдайдың ядролық қақтығыс деңгейіне жетуі екіталай. Ал қазіргі зымырандар атысының өзі келіссөз алдындағы сауда үшін жасалып жатқан уақытша әрекеттер болуы мүмкін. Екі тарап бұл қадамға өз ставкасын көтеру үшін баруы ғажап емес.
«Қазір адамдар бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстағы сияқты ашық майданға бармайды деп есептеймін. Жоғарыда әлемнің 92 мемлекеті әртүрлі деңгейдегі қақтығысқа қатысып жатқанын айттық, ендеше, үшінші дүниежүзілік соғыс баяғыда басталып кеткен жоқ па деген сұрақ туындайды. Солтүстік Кореяның араласуы жағдайды біршама шиеленістіреді, бірақ шешуі фактор бола қоймайды. Шынын айтқанда, бұл соғыс басталған сәттен бері өте шиеленісті жүріп жатыр. Соғыстың жеңілі болмайды. Ал оны былай өрбиді немесе тоқтайды деп болжау конспирология типтес әңгімелер деп санаймын», – дейді Амангелді Құрметұлы.
Жақында Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский соғыс Украина тоқтатқан кезде емес, Путин тоқтатқан кезде ғана аяқталатынын айтты. Оның айтуынша, Украина соғысты тоқтатса, елдігінен айырылады. Ал Путин соғыс қателік болғанын әрі жеңіске жету мүмкін емес екенін мойындағанда ғана бәрі әділ жолмен шешіледі.
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Қазақстанға тікелей әсер етіп отыр. Қазір одақтас көршіміз бастаған соғыстан экономикалық тұрғыда зардап шегіп отырмыз. Егер жағдай одан әрі ушықса, елімізге әскери тұрғыда қауіп төнуі де мүмкін. Сикорский айтқандай, Путин алған бетінен қайтып, соғысты тоқтатқанға дейін бұл қауіптен құтылмасымыз анық...
Айтпақшы, 27-28 қараша күндері Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) отырысы өтеді. Осыған орай біраз көшелер жабылып, әуеге әскери ұшақтар көтерілетіні айтылып жатыр. Өте құрметті қонақтардың ішінде атышулы Путин де бар екенін ескерсек, бұл жиынды қабылдауға ресми Астана тыңғылықты дайындалатыны сөзсіз. Гаага соты тұтқындауға ордер берген Путиннің жүріп-тұруы, қалай болғанда да, қиындап тұр. Сондықтан қандай сенімді елге барса да, Кремль сақтықты ұмытпайды. Үкіметтегі қарбаластың бір себебі Путиннен сақтану емес, Путинді сақтау болуы да мүмкін...
Қуаныш Қаппас