Үкіметтің өзі инфляцияны қолдан тудырып отыр
Жалақы көтерудің әртүрлі әдісі бар. Мысалы, ең көп жалақы алатындар бюджеттен алады. Өз жұмысымен айналысатындар, коммерциялық саладағылар ондай жалақы ала алмайды.
Шенеуніктер мемлекеттің ақшасынан жоғары айлық алуға құштар. Банк қызметкерлері, қор басшылары да өте үлкен жалақы алып отыр. Кейде өздері шығынға батып отырып, басшылығына 20-50 млн-нан сыйақы береді. Неге? Себебі олар айтады: «Еден жуушы мен медбикенің жалақысы 100 мың, бұл өте аз, инфляция 10 пайыз болып кетті. Сол үшін айлығына 10 пайыз қосайық» дейді де, 10 мың теңге қосады. Ал 15 млн теңгеге дейін жалақы алып отырған шенеуніктерге 10 пайыз қосылғанда айлығы тағы 1,5 млн теңгеге өседі. Солай бізде инфляция тоқтамай жатыр. Мұны айтып келе жатырмыз. Ал мына көршіміз қырғыздар мұндай нәрсемен шұғылданбайды. Биліктегілерге бюджеттің жағдайына қарап индексация жасамайды. Сөйтіп оларда инфляция 7-8 пайыз. Қазақстан бай мемлекет дейміз де, инфляциямызды 23 пайызға дейін шығарып аламыз. Неге? Мұны біздің билік қолдан жасайды. Өздерінің жалақысын көбейтеді. Баға өсуі сұраныс пен ұсыныстың әрекеті. «Ой, анау жанармайды көтермейік» деу әшейін жұртты алдарқату. Қысқаша айтқанда, үкіметтің өзі инфляцияны қолдан тудырып отыр.
Иә, біздің мүмкіндігіміз экономика саласында көп. Оны Шығыс Еуропамен салыстыруға болатын еді. Польша сияқты елдерден қазір артта қалып кеттік. Сол мүмкіндікті жемқорлық, билік өзінің пайдасын ойлағаннан жоғалтып алдық. Мысалы, шенеуніктердің басым көпшілігінің үйі Дубайда. Олардың шетелдегі мүліктеріне ақша керек, несиеге алса төлеп тұру керек дегендей, сондықтан біздегі жемқорлық тоқтамай тұр.
Сапарбай Жұбаев,
экономист