Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Үкіметтің «тесік шелекті толтыру» әрекеті: 8 трлн теңгені ұқсата аламыз ба?

1
Фото: Жас Алаш коллаж

Үкімет алдағы уақытта «Бәйтерек» холдингі арқылы экономиканы қолдауға 8 трлн теңге салуды жоспарлап отыр. Ал сарапшылар қазіргідей инфляция жоғары болып отырған жағдайда мұндай ірі көлемдегі қаржыны экономикаға құю инфляцияны одан әрі үдететін факторға айналуы мүмкін екенін айтады.

«Дәрумен» емес, «у» болып шықса ше?

Сала мамандарының пайымдауынша, экономикалық саясаттағы бұл қайшылықты жағдай – «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері. Бір жағынан, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, ақша массасын қысқарту арқылы инфляцияны «тұншықтыруға» тырысса, екінші жағынан, Үкімет «Бәйтерек» арқылы нарыққа қыруар қаражат құюды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай ірі қаражат көбіне мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға кетеді. Ал шағын және орта бизнес қазір арзан пайызбен несие ала алмай отырғанда жеңілдетілген қаржының тек таңдаулы топтарға, ірі бизнеске берілуі нарықтық бәсекелестікті бұзады. Сондай-ақ құйылған қаржының қомақты бөлігі шетелден техника мен шикізат сатып алуға жұмсалса, бұл теңге бағамына қысым түсіріп, инфляцияны сырттан импорттауға да жол береді.

Тимур Сүлейменов
Фото: akorda.kz / depositphotos

Жалпы, қазір бізге белгілісі, үкімет ЖІӨ-нің өсімін қамтамасыз етуді және өндірісті жандандыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатқа жету үшін де «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикаға қаржы тартуды дұрыс санайды.

Бұған қатысты ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 6 наурыз күні өткен брифингте үкіметпен жүргізілген кеңес нәтижесінде экономиканы қолдауға қатысты бағдарлама көлемі 8 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін растады. Сондай-ақ бас банкир инфляция қазіргідей жоғары болып тұрғанда ірі көлемдегі қаржыны экономикаға құю инфляцияны үдетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. «Сондықтан инвестициялық белсенділікті және отандық ұсынысқа дем беру бағытын жалпы қолдай отырып, бұл қаражатты нақты басым бағыттарға жіберу қажет», – деді Тимур Сүлейменов.

Сүлейменовтің пікірінше, «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстанның даму банкінің» қаражатын ұлттық маңызы бар ірі жобаларға бағыттауға болады. Мұндай жобалар бойынша несие мөлшерлемесі шамамен 12-13 пайыз деңгейінде болуы тиіс. Ал қалған жобаларды қаржыландыру толығымен нарықтық қағидаттар бойынша жүзеге асырылуы қажет.

«Бюджеттік ресурстар шектеулі, сондықтан оларды ұтымды пайдалануымыз керек. Банктік жүйені тек тұтынушылық несие беруге немесе жоғары өтімді активтерге инвестиция салуға бағыттап жібермеу маңызды», – дейді тағы Тимур Сүлейменов.

Әрине, «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстанның даму банкінің» қаражатын ұлттық маңызы бар ірі жобаларға бағыттаған дұрыс. Алайда сарапшылар сол қаражаттардың шашауы шықпай жұмсалатынына күмәнмен қарайды. «Сондықтан алдағы уақытта экономикаға құйылатын 8 трлн теңге экономика үшін «дәрумен» емес, «у» болып кетпеуі үшін, бұл қаржы тек импортты алмастыратын және нақты өнім шығаратын жобаларға қатаң бақылаумен берілуі керек. Әйтпесе, Ұлттық банктің инфляциямен күресі «құмға сіңген судай» болып, халықтың сатып алу қабілеті одан әрі төмендеуі мүмкін», – деп қауіптенеді мамандар.

Бәйтерек» Ұлттық холдингі
Бәйтерек» Ұлттық холдингі. Фото: kursiv.media

Жапырағы жайқалмай қалған «Бәйтерек»

Жалпы, Қазақстанда 2013 жылы ұлттық даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару және экономиканы оңтайландыру үшін «Бәйтерек» Ұлттық холдингі құрылды. Холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Құрамына 7 еншілес компания: «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ, Qazaqstan Investment Corporation АҚ енеді.

«Бәйтерек» алғаш құрылғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, өзге де атқарушы билік өкілдері холдингті барынша мақтауын келтірді. Болашақта «Бәйтеректің» жапырағы жайқалып, экономиканы дамытудың драйверіне айналады дегенді жиі айтты. Бұдан соң холдингті нағыз драйверге айналдыру үшін оған Ұлттық қордан да қаражат бөлінді, зейнетақы қорының да қаражаты беріліп келді. Холдингке көлік жобалары үшін 173 млрд теңге, аграрлық-өнеркәсіптік кешен үшін 213 млрд теңге зейнетақы қорынан берілді. Электр энергиясын дамыту жобаларына 1,5 трлн теңге қаражат БЖЗҚ-дан бөлінетіні де айтылды. «Бәйтерек» холдингі 2021-2022 жылдары Қытайдың мемлекеттік даму банкінен 155 млн доллар және 104 млн доллар қарыз алды. 2022 жылы Қытайдан тағы бір кредит – 100 млн доллар алған. Сонымен қатар «Бәйтеректің» доллармен алған қарыздары ғана емес, рубльмен алған борыштары да бар. 2022 жылы холдинг Еуразиялық Даму банкінен (ЕАДБ) 40 млн рубль қарызға алып, 2023 жылдың ақпанында жапқан. Тағы бір ЕАДБ-дан алынған 4 млрд рубль қарызды қазақстандық тарап 2027 жылдың соңына дейін жабуы керек.

Тізе берсек, «Бәйтерек» холдингінің «жапырағын жайқалтуға» қатысты бірқатар шаралар атқарылды. Ал холдинг әлі күнге дейін облигациялар шығару арқылы қаражат тартады. Сарапшылар бұл тәсілді өзгерту керектігін, болашақта тікелей инвестициялар тарту бағытын қоса ұстанған абзал екенін айтқанымен, бұған құлақ асқан ешкім жоқ. Холдинг экономикаға тікелей инвесторлар тартудың орнына әлі сол сырттан қарыз алу, облигациялар шығарып, оны үкімет Зейнетақы қоры мен Ұлттық қордың қаражатына сатып алу бағытынан ажырамай келеді.

Қазақстан даму банкі
Қазақстан даму банкі. Фото: kursiv.media

Олигархтардың банкі

«Бәйтеректің» еншісіндегі «Қазақстан даму банкі» де (ҚДБ) экономикамыздың шикізаттық емес саласын дамытады деген үмітпен құрылған. Бұл банкті 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚДБ жекенің банкіне айналып кетті» деп те сынады. Артынша Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та ҚДБ-нің белгілі бір кәсіпкерлердің ғана банкіне айналғанын ескерткен. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары да 2024 жылы бұл банктің жұмысына қатысты біраз келеңсіздіктерді анықтады.

Деректерге жүгінсек, 2024 жылы банк 1,4 трлн теңге сомасына 58 жобаны қаржыландырса, 2025 жылдың сегіз айында 1,2 трлн теңгеге 48 жобаға қаржы бөлінген. Сала құрылымы бойынша ең көп қолдау металлургия және тау-кен өндіру өнеркәсібіне көрсетілген. Ең қызығы, шикізаттық емес өңдеу саласын қолдауы тиіс «Қазақстан даму банкі» былтыр Алматы мен Түркістан қалаларында қонақүй салу, есептеу инфрақұрылымын сатып алу сияқты жобаларды да қаржыландырыпты.

Ғалым Байназаров
Фото: ашық дереккөз

Экономист Ғалым Байназаровтың сөзіне сүйенсек, бізде қазір үкіметтің айтып жүрген экономиканың өсу саясатын қолдайтын бірде-бір банк жоқ.

«Елдегі екінші деңгейлі банктер үкіметке бағынышты емес. Олардың иелері Қазақстанда тұрмайды, олар – шетелде тұратын азаматтар. Екінші деңгейлі банктер үкіметке бағынбайды да. Ал «Қазақстанның даму банкі» олигархтардың банкіне айналып кетті. Бұл банк жылына 10-15 жобаны ғана қаржыландырады. Оның өзінде шенеуніктердің, олигархтардың жобаларын қаржыландыруға бейім. ҚДБ – ештеңе шешпейтін банк», – дейді экономист-ғалым.

Негізінде, ҚДБ 2001 жылы құрылған. Ол кезде «Бәйтерек» холдингінің еншісіне кірмейтін. Шикізаттық емес секторды қаржыландыру, мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында пайда болған банктің құрылғанына биыл 25 жыл толады. Дегенмен бұл банктің қызығын шағын бизнес, өңдеуші өнеркәсіп, өндіріс орындары толыққанды сезінді деп айта алмаймыз. Банктің қаржыландыруға рұқсат берген жобаларына мұқият қарайтын болсақ, тізімнен көбіне «ығай мен сығайларды» көреміз. Осыдан барып «ҚДБ олигархтардың банкіне айналып кетті» деген сөздердің растығына көзіміз жете бастайды.

Бай-бағландардың қалтасында...

Деректерді тарқатсақ, 2024 жылы Хромтау қаласында құны 178 млн доллар тұратын жел электр станциясы салынатыны айтылды. Бұл жобаны «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстанның даму банкі» бірлесіп жүзеге асыруы керек-тін. Ал енді «Қазақстан электролиз зауыты» – атақты ERG тобының еншілесі, оны ірі олигархтар Потох Шодиев, Мұқадасхан Ибрагимова және Александр Машкевичтің сенімді өкілі басқарады. Бұл үш фамилияның да атақ-дәрежесі әлемге белгілі. Бұдан бөлек, банктен несие алғандардың қатарында Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан, Нұржан Нығматулиндер және мыс саласында жүрген олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай, шымкенттік олигарх Серікжан Сейтжанов та бар.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, осы уақытқа дейін елдегі экономикалық саясат бай-манаптардың мүддесіне бағытталды. Соларға көбірек қаражат бөлінді. Бағдарламаларды, жобаларды желеу етіп, солардың жоспарларын жүзеге асырып келді.

«Әсіресе ҚДБ қаржы институтын қалталылардың банкі деуге болады. Алайда мұндай атақ жақсы емес. Бізге қазір экономикаға берілетін 8 трлн теңгені қалай ұқсатуды мықтап ойластыру керек. Егер осы қаражат ҚДБ арқылы немесе «Бәйтерек» холдингі арқылы өндіріс орындарын өркендетуге, шағын бизнесті қолдауға бағытталатын болса, бұл – жақсы. Ал квазимемлекеттік секторды, ірі компанияларды қолдауға ғана жұмсалатын болса, онда ойлану керек. Мәселен, «Бәйтерек» холдингінен ең көп лизинг алған компанияның бірі – «Қазақстан темір жолы». Қазір ҚТЖ-ның қарызы 3 трлн теңгеден асып кетті. Үкімет сонша қолдаған компанияның сиқы осы болды. Сондай-ақ «Бәйтеректің» еншісіндегі «Қазақстан Даму банкі» де жиі сынға ұшырайды. «Отбасы банк» жайлы да қарапайым халықтың айтатын сыны жетеді. «Қазақстан Даму банкі» арқылы күні бүгінге дейін олигархтар несиелік төлемдерінің мерзімін шегеріп, несиелік демалыс алып, банк қаржысын жеке бастарына ыңғайлы етіп пайдаланып келді. Сондықтан қазір ең бірінші кезекте ҚДБ-нің бүкіл құрылымын, басшылығын өзгерту керек деп есептеймін. Үкіметтің экономикалық саясатын қолдауы тиіс банктер олигархтардың жанқалтасына айналмауы қажет», – дейді экономист-ғалым.

Сала мамандарының сөзінше, кезінде ҚДБ қаржыландырған, бірақ лентасы қиылған соң қаңырап бос қалған зауыттардың тағдыры – жауапсыздықтың көрінісі. «Индустрияландыру» ұранымен шашылған миллиардтардың қайтарымы болмады. Есеп берудегі цифрлар өскенімен, халықтың қалтасына түскен нақты табыс байқалмайды. Ендігі экономикаға бағытталатын 8 трлн теңгені кезекті мәрте игеріп, экономиканы әртараптандыру үшін «Бәйтерек» пен ҚДБ тәрізді қаржы институтының қызметі ашық әрі бақылауда болуы керек. Олай болмаса, бұл қаржы – тесік шелекке құйылған сумен тең. Бізге қазір «есеп беретін» мекемелер емес, халықтың әр тиынына жауап беретін нақты жауапкершілік алатын қаржы институты қажет.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ