Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:47

2025 жылы Украина 100 мыңға жуық музей жәдігерін эвакуацияды. Оның ішінде балбал тастар да бар

Балбал тастар
Фото: ашық дереккөз

Украина Мәдениет және стратегиялық коммуникациялар министрінің міндетін атқарушы Татьяна Бережная елдің мәдени мұраларын қорғау және эвакуациялау жұмыстары туралы мәлімдеді. 

Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Interfax-Ukraine агенттігі.

Бережнаяның айтуынша, қыркүйек айының соңына дейін Украина майданға жақын аймақтардан 670 мыңнан астам музей экспонатын эвакуациялаған, олардың шамамен 100 мыңы 2025 жылдың басынан бері шығарылған.

«Бұл — үлкен үйлесімділікті және ресурсты қажет ететін ауқымды жұмыс. Сонымен қатар мәдени мұра нысандарын эвакуациялау мен қорғауға қатысты заңнаманы жетілдіру бастамасы іске қосылды», — деді министр.

1 қазанда Днепр көркемсурет музейіне жасалған шабуылдан кейін, Бережная Еуропалық Одақтың кеңею жөніндегі комиссары Марта Косспен Львов қаласында кездесіп, мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және халықаралық қолдау мәселелерін талқылағанын атап өтті.

«Украин мәдениеті бүгінде тура мағынасында от астында тұр. Біз осы жағдайда халықаралық әріптестермен бірлесіп, Украин мәдени мұрасын қорғауға бағытталған арнайы қор құрып жатырмыз. Мәдениет болашақтағы ЕО қолдау бағдарламаларының басым бағытына айналуы тиіс», — деді Бережная.

Ресми мәліметке сәйкес, эвакуацияланған жәдігерлер арасында XI–XIII ғасырларға жататын түркі-қыпшақ дәуірінің балбал тастары да бар.

2025 жылдың шілдесінде The Guardian және RFERL басылымдары Украина әскері мен музей мамандарының Донбас маңындағы шайқас аймағынан 11 балбал тасты Днепр қаласындағы Дмитрий Яворницкий атындағы Ұлттық тарихи музейге жеткізгенін хабарлаған болатын.