Украина алғаш рет КХДР жауынгерін тұтқынға алды
Украин сарбаздары солтүстік кореялық жауынгерді тұтқынға алған, деп хабарлады Оңтүстік Кореяның барлау қызметі. Кейін тұтқынның жарақатына байланысты қайтыс болғаны белгілі болды.
Бұл КХДР үкіметі Ресейге Украинаға қарсы соғысқа көмектесу үшін жіберген солтүстік кореялық әскердің тұтқындалуына байланысты алғашқы оқиға.
Сеулде Telegram арналар жараланған сарбаз суретін жариялады. Бұл сурет жарияланғаннан кейін украин тарапы бұл туралы ресми ақпарат бермеді.
Оңтүстік Кореяның барлау қызметі AFP агенттігіне жараланған сарбазды шынымен де украин әскері тұтқындағанын растады, бірақ қай жерде екенін нақтыламады.
Украиндық «Милитарный» басылымының хабарлауынша, КХДР сарбасы Ресейдің Курск облысында тұтқындалған.
Киев пен Сеулдің мәліметінше, Солтүстік Корея Ресейге көмектесу үшін 10 мың сарбазын жіберген, Мәскеу мен Пхеньян бұл сарбаздардың соғысқа қатысып жатқанын растаған да, жоққа да шығарған жоқ.
Украина күштері Солтүстік Корея сарбаздарына Ресейдің жеке басын куәландыратын жалған құжаттар берілгенін айтты, ал Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада ресейлік сарбаздардың жеке басын жасыру үшін өлген солтүстік кореялық сарбаздардың беттерін өртеп жатқаны түсірілген кадрларды көрсетті.
Украина және Оңтүстік Корея барлау қызметтерінің мәліметі бойынша, Ресейге жөнелтіліп жатқан сарбаздардың көпшілігі КХДР-дың «Дауыл» корпусы деп те аталатын 11-ші корпустың үздік сарбаздары.
Зеленский апта басында Курск аймағындағы ұрыс кезінде қаза тапқан және жараланған Солтүстік Корея сарбаздарының саны 3 мыңнан асады деп мәлімдеді.
2022 жылдың ақпанында басталған Ресей басқыншылығына жауап ретінде Украина 2024 жылдың 6 тамызында Курск облысына басып кірді. Желтоқсан айында жыл сайынғы «тікелей диалог» кезінде Ресей президенті Владимир Путин Ресей бұл аумақты қашан азат етеді деген сұраққа жауап бермей, бұл сұраққа нақты жауап әскери тактикаға сәйкес келмейді деп мәлімдеді.