Украина барлауы: Қадыровтың денсаулығы нашарлап, Кремль оған мұрагер іздеп жатыр
Бүйрек жеткіліксіздігі салдарынан Рамзан Қадыровтың денсаулығы күрт нашарлаған, ал Кремльде оның орнына ықтимал мұрагерлер қарастырылып жатыр.
Бұл туралы Укринформ Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Қадыровқа бүйрек жеткіліксіздігіне байланысты диализ жасалып жатыр, ал дәрігерлер әзірге нақты болжам бермей отыр. Украина әскери барлауындағы дереккөздер Қадыровтың қазір Шешенстандағы ауруханаға жатқызылғанын, оны көру үшін шетелде тұратын жақын туыстары да келгенін айтады.
Осы жағдайға байланысты Шешенстанның жаңа басшысы лауазымына үміткерлерді іздеу үдерісі жандана түскен. Хабарламада Кремль үшін ең ықтимал әрі «ыңғайлы» кандидаттар ретінде Магомед Даудов, Апти Алаудинов және Қадыровтың тұңғыш ұлы – Ахмад Қадыров аталады.
Айта кетейік,Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров соңғы кездері көпшілік алдында сирек көріне бастады. «Новая газета. Европа» басылымының мәліметінше, ол ауыр дертке шалдыққан болуы мүмкін. Кей деректерде Қадыровтың бүйрек ауруына байланысты мәселелері бар екені айтылса, өзге болжамдарда ұйқы безі некрозы диагнозы аталады.
Жақында ол жұртшылық алдына қолына таяқ ұстап көрінді. Бұл кадрлар Ачхой-Мартан ауданындағы Жаңа Шарой ауылында хафиздер мектебінің ашылу салтанатынан жарияланған видеода байқалады.
Аталған видео тарағанға дейін әлеуметтік желілерде Қадыровтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгені жөнінде қауесеттер пайда болған еді. Алайда бұл ақпаратты Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат істері жөніндегі министрі Ахмад Дудаев жоққа шығарды.
Оның айтуынша,Шешенстан басшысы соңғы күндері қоғамдық-саяси жұмыстарын қалыпты түрде атқарып жүрген. Ресми билік өкілдері Қадыровтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп атады.
6 қаңтарда Рамзан Қадыровтың өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты үкімет төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындағаны туралы ақпарат тарады.
Ол бұл лауазымды спорт министрі қызметін сақтай отырып атқарады.