Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 02 Қыркүйек 2025

Украина Бас штабы: Герасимов Ресейдің сәтсіздіктерін жасыруға тырысып жатыр

Ресей және Украина
Фото: DW

Украина Қарулы күштері Бас штабы Ресей армиясының  кейінгі айлардағы шабуыл «жетістіктері» туралы мәлімдемелерін жоққа шығарды. Әскерилердің пікірінше, Ресей Бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың сөзі – сәтсіздіктерді жасыру әрекеті.

«Ірі қала алынған жоқ»

Украина Бас штабының ресми хабарламасында Ресей әскерлері ешбір ірі қаланы толық бақылауға алмағаны атап өтілді.

– Герасимов «2025 жылдың көктем–жазғы соғыс нәтижелері» туралы жалған ақпарат таратып, қиялын шындық ретінде көрсетуге тырысты. Ресейдің кейінгі «маусымдық» шабуылы дерлік ешқандай нәтиже бермеді, – делінген мәлімдемеде.

«Сандар тым асыра көрсетілген»

Украина тарапының айтуынша, Ресей ұсынған басып алынған аумақтар мен елді мекендерге қатысты деректер айтарлықтай асыра көрсетілген.

Бас штабтың мәліметінше, жаңа жерлерді басып алу әрекеті Ресей үшін үлкен шығынға алып келді.

Украина мәліметтері бойынша шығындар

  • 2025 жылдың басынан бері Харьков, Луганск және Донецк облыстарындағы шайқастарда Ресей шамамен 210 мың әскери күшінен айырылды (қаза тапқандар мен жараланғандар).

  • Сондай-ақ Украина армиясы Ресейдің 2174 әскери техникасын, 1201 танкін, 7303 артиллериялық жүйесін және 157 реактивті қондырғысын жойғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, тамыз айының соңында Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов соғыс жалғасатынын мәлімдеген. 

Герасимовтің сөзі бейнежазбада көрсетіліп, Ресей Қорғаныс министрлігі оның 2025 жылғы көктем–жаз әскери науқанының қорытындысын шығарып, алдағы жоспарды белгілегенін атап өтті.

– Стратегиялық бастама толық Ресей Қарулы күштерінде, – деді Бас штаб бастығы.

Оның айтуынша, қазір Ресей армиясы:

  • Луганск облысының 99,7%,

  • Донецк облысының 79%,

  • Запорожье облысының 74%,

  • Херсон облысының 76% аумағын бақылауда ұстап отыр.

Әуе соққылары және бейбіт тұрғындардың қазасы

Герасимов 28 және 30 тамызда Украинаға жасалған шабуылдар «әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты кәсіпорындарға бағытталды» деп мәлімдеді.

Алайда БАҚ дерегінше, соққылар салдарынан Киевте көпқабатты тұрғын үйдің подъезі қирап, 25 адам қаза тапқан, оның ішінде төрт бала бар. Сонымен қатар, өзге аймақтарда да азаматтық инфрақұрылымға зақым келген.

Соғыстың барысы

Қазір Ресей әскері Украина аумағының шамамен 20%-ын бақылауда. Дегенмен бұл жерлердің басым бөлігі басқыншылықтың алғашқы апталарында алынған.

Deep State дерегінше, кейінгі 1010 күн ішінде Ресей Украинадан бар-жоғы 5842 шаршы шақырым жерді басып алған. Бұл ел аумағының 0,97%-ын ғана құрайды.

The Economist есебіне сәйкес, 2025 жылғы жазда Ресей армиясы әрбір 0,038 шаршы км жер үшін бір сарбазын жоғалтқан. Мұндай қарқынмен Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының әкімшілік шекарасына жету үшін кемінде 2029 жылдың ақпанына дейін уақыт қажет. Ал Украинаны толық басып алу үшін Ресейге тағы 89 жыл соғыс жүргізу керек болады.

Тегтер: