Украина бомбалаған ұшақтар «біздікі» ме?

Украинаның Ресей әуе базаларына жасаған кейінгі соққыларынан соң жұртты Ресейдің алысқа ұшатын бомбалаушы ұшақтарының қайдан шыққаны қызықтыра бастады. Ресейдің Украинаға жасалған шабуылдарда пайдаланылған Ту-95МС ұшақтарының көпшілігі кезінде Қазақстаннан алынған болуы мүмкін.
Ресей бұл ұшақтарды неге ұрлады?
1991 жылы Кеңес Одағы тараған кезде одақтың ұлан-ғайыр әскери арсеналы жаңа тәуелсіз мемлекеттердің аумағында бөлініп қалды. Сол тұста Қазақстан күтпеген жерден әлемдегі ең ірі Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтар флотына ие болды. Жалпы 40 ұшақ, оның ішінде 27 крейсерлік зымырандар алып ұшуға бейімделген МС-16 және 13 бомбамен қаруланатын МС-6 ұшағы елімізде қалды. Салыстыру үшін айтсақ, дәл сол уақытта Ресейдің қолындағы Ту-95МС бомбалаушылар саны небәрі 22–27 еді және бұл ұшақтардың өндірісі 1992 жылдың басында тоқтап қалды.
Қазақстандағы 40 шақты Ту-95МС ұшағы сол кездегі Семей өңіріндегі Семей-2 әуе базасында орналасқан 79-ауыр бомбалаушы авиация дивизиясының құрамына кірді. Алайда жас тәуелсіз Қазақстан бұл дивизияны толық бақылауға ала алмады. Стратегиялық маңызды ядролық қару тасығыш ұшақтарды басқаруда тәжірибенің аздығы мен жаңа мемлекеттің қорғаныс жүйесінің қалыптасу кезеңі Мәскеу үшін тиімді жағдай туғызды. Ресей сол кездегі посткеңестік бейберекет кезеңді өз пайдасына пайдалануға тырысты. Өйткені Кеңес Одағы құлағанда стратегиялық күштер бірлескен қолбасшылықта қала береді деген уағдаластықтар болғанымен, іс жүзінде әр республика өз аумағындағы қаруды иемденуге тырысты немесе, керісінше, Мәскеу оларды орталыққа қайтарудың амалын қарастырды. Ту-95МС бомбалаушысы – алыс қашыққа ядролық және крейсерлік зымырандар жеткізе алатын, салмағы ауыр, төрт қозғалтқышты турбовинтті ұшақ. Ол Кеңес Одағының ядролық триадасының әуе құрамдас бөлігі ретінде қызмет еткен және 1950 жылдардан бастап түрлі модификацияларда шығарылған. 1992 жылы соңғы Ту-95МС конвейерден шыққаннан кейін Ресейде мұндай ұшақтар жаңадан жасалған жоқ. Демек, Қазақстанда тұрған дайын 40 ұшақ – Мәскеу үшін ауадай қажет, таптырмас стратегиялық ресурс еді.

Қазақстаннан ұшақтар қалай ұрланды?
1992 жылы әлі де КСРО елдерінде бірлескен оқу-жаттығу шаралары жалғасып жатқан-ды. Соның негізінде қазақстандық және ресейлік ұшқыштар Семей-2 (Қазақстан) мен «Украинка» (Ресей, Қиыр Шығыстағы әуе базасы) арасында ортақ бағдарламалар бойынша жаттығу өткізеді. Сол жылғы бір оқу-жаттығу кезінде Қазақстанның бірнеше Ту-95МС бомбалаушылары Ресей аумағына ұшып барып, кері қайтпай қалған. Оқиғаның егжей-тегжейі туралы бірнеше нұсқа айтылады. Соның негізгі екеуіне тоқталайық.
Бірінші нұсқа. Қазақстандық Ту-95МС ұшақтары Ресей жеріне қонғанда, оларды кері жібермей, орнына әдейі ескі Ту-95К үлгілері қайтарылған. Мәскеу бұл айла-шарғыны қазақ экипаждарының аңғалдығын пайдаланып іске асырған делінеді. Қазақстан тарапы не болып жатқанын түсінген кезде бәрі кеш болған.
Екінші нұсқа. Ресейге барып қонған қазақстандық ұшақтар мүлде қайтарылмаған, яғни сол күйі Ресейде қалдырылған. Қай сценарий шындыққа жанасса да, нəтижесінде Мәскеу Қазақстанға тиесілі ондаған стратегиялық ұшақты өз флотына қосып алады. Осы оқиғаға қатысты ресми ақпарат бірден жарияланған жоқ, барлығы құпия сақталды. Ресейлік кей дереккөздер ұрланған Ту-95МС саны 16–18 шамасында деп көрсеткенімен, қалған 20-дан астам ұшақтың тағдыры жұмбақ.
Қазақстан аумағында орнына қайтарылған ұшақтардың нақты қанша және қандай үлгіде болғаны туралы да дерек жоқ. Кей болжамдарда ресейліктер Семейге оқу-жаттығуға арналған көнерген Ту-95К ұшақтарын немесе ядролық қорғаныста қолданылатын Х-22 зымырандарын тасымалдайтын Ту-95К-22 үлгілерін әкеліп тастаған болуы мүмкін делінеді. Алайда олардың кейін Қазақстанда қаншалықты пайдаланылғаны не жойылған-жойылмағаны туралы ақпарат кездеспейді. Бір белгілі жайт – Қазақстан сол ұшақтарын қайтартып ала алмады, ал Мәскеу өз кезегінде бұл оқиғаның ізін ұзақ уақыт бойы жасырып бақты. Нәтижесінде ресейлік алыс қашыққа ұшатын бомбалаушылар құрамы күрт толықты. Кей есеп бойынша Ресей өзіндегі осы үлгідегі ұшақтар санын бірден 1,5 есеге арттырған. Бұл кезде Қазақстан халықаралық қауымдастық назарын бұл мәселеге аудармады, мүмкін жаңа мемлекет ретінде ірі көршімен қарым-қатынасты қиындатқысы келмеген шығар.

Ресми келісім және ұшақтың өтемақысы
1992 жылғы оқиғадан соң бірнеше жыл өтсе де, Қазақстандағы жоғалған Ту-95МС ұшақтары жайлы ресми мәлімет қоғамға ашық айтылған жоқ. Тек 1995 жылы Қазақстан мен Ресей арасында арнайы келісім жасалып, ел аумағынан шығарылған стратегиялық авиация техникалары бойынша өтемақы мәселесі құжатпен бекітілді. 1995 жылғы 8 шілдеде Мәскеуде қол қойылған үкіметаралық келісімде Қазақстан жағы Ресейге 35 бірлік Ту-95МС ауыр бомбалаушы ұшағын, сонымен бірге оларға қатысты жабдықтар мен қызмет көрсету техникасын ресми түрде бергені жарияланды. Бұл келісім бойынша берілген техника «ерікті түрде, өзара келісіммен» тапсырылды деп көрсетіліп, бір түрдегі әскери мүлікті екінші түріне алмастыру ретінде рәсімделді. Өтемақы ретінде Ресей Қазақстанға бірнеше әскери ұшақтар берген: атап айтқанда, Ту-154 және Ту-134 үлгісіндегі жолаушы тасымалдаушы ұшақтар, сондай-ақ 21 дана МиГ-29 жауынгерлік жойғыш ұшақтары Қазақстанға өтеу ретiнде берілді делінеді.
Бұл құжат Қазақстан тарапынан стратегиялық қару-жарақты бөлудің бір бөлігі ретінде қарастырылды. Ядролық қаруды таратпау режиміне сәйкес, Қазақстан сол жылдары стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту жөніндегі келісімдерге де қатысып, өз аумағындағы ядролық оқтұмсықтарды Ресейге тапсырғаны белгілі. Сол сияқты ауыр бомбалаушы ұшақтарды беру де осы жалпы процесс шеңберінде жүрді деуге болады. Яғни Қазақстан тарапынан ресми мәлімдемелерде ұшақтар ұрланды деп айтылған жоқ, керісінше, материалдық өтемақы арқылы компенсацияланған техника алмасуы деп бағаланды. Дегенмен сарапшылар пікірінше, Қазақстан алған Ту-154, Ту-134 ұшақтары мен бірнеше МиГ-29 ұшақтарының құны стратегиялық Ту-95МС бомбалаушылардың әскери-саяси маңызымен салыстыруға келмейді. Бұл көбіне саяси келісім ретінде жүзеге асқанымен, іс жүзінде Мәскеу жаңа мемлекеттің дәрменсіздігін пайдаланып, ядролық соққы беруге қабілетті авиациясының негізін толығымен өзіне қайтарып алды деген тұжырымдар жиі айтылады. Шын мәнінде, Ресейдің қазіргі алыс қашыққа ұшатын бомбалаушы авиапаркі көп жағдайда жаңа өндірістен емес, дәл осы 1990 жылдардағы КСРО құлауының нәтижесінде қалыптасты.

Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы: Қазақстан Ту-95МС-тен бас тартып, орнына шабуылдаушы ұшақтар алған
– Бұл Ту-95МС ұшақтары қазіргі Абай облысындағы «Комсомольск» деген аэродромда болатын. Шағандағы 79-ауыр бомбалаушы дивизияның құрамына кірді. КСРО ыдырағасын жасырын түрде қазір айтылып жатқан Иркутсктегі «Белая» әуежайына ұшып кеткен. Аталған әуежай жоғары қолбасшының әуежайы саналады. Ал біздің әскери басшыларымыз бұл жағдайды Ресейге айтып, дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Оның орнына Миг-29 ұшақтарын алды. Сосын Талдықорған авиабазасына СУ-27 ұшағын, СУ-25 шабуыл ұшақтарын алды. Бұл техника жаяу әскер соғысып жатқанда, оларды қолдап, жаудың алдыңғы легін жоюда таптырмас ұшақ саналады. Бұл келісімнің қалай өткенін мен нақты дәлдікпен айта алмаймын. Ол кезде Ресейде іссапармен жүрген едім. Бірақ алынған ұшақтар құнына бірнеше әскери ұшақтар алдық. Бір сөзбен айтқанда, бұл келісімді ұтымды деп атар едім. Себебі біз 1994 жылдары ядролық қарулардан бас тарттық. Сондықтан ТУ-95МС-тер жойылуы керек еді. Өйткені олар бізге керек болмай қалатын. Ешқандай пайдасы болмайтын. Ал Ресейдің оларды алып кеткені дұрыс болды, біз оның орнына басқа әскери техникамызды толықтырып алдық. Ал Украинаға келетін болсақ, Ресейдегі ауыр бомбалаушы ұшақтар арасында Қазақстаннан алып кеткен ұшақтар болуы мүмкін. «Оленья» мен «Белая» әуежайларында біздегі ұшақтардың әлі де болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын.

Бомбаланған ұшақтар және Қазақстан
Ресей 1990 жылдардың ортасында Қазақстаннан алынған Ту-95МС ұшақтарын өз әуе-ядролық күшінің қатарына қосып, оларды ұзақ жылдар бойы модернизациялап, сақтап келді. Бүгінде Ту-95МС – Ресейдің әуе арқылы ядролық соққы беру әлеуетінің негізін құрайтын ең басты құралдарының бірі. Заманауи Ту-160 стратегиялық бомбалаушыларымен бірге қатар қызмет етіп жүргенімен, Ту-95МС саны жағынан басым және жиі қолданылатын техника еді. Себебі әрбір Ту-95МС бомбалаушысы қанатты зымырандар мен 16 данаға дейін алыс қашыққа соққы беретін крейсерлік зымырандар тиеп ұша алады. Атап айтқанда, Ресей осы ұшақтардан Украинаға қарсы Х-55, Х-101 сияқты қанатты зымырандарды мыңдаған шақырым қашықтықтан жіберіп, нысаналарға соққы жасап келеді. 2022 жылғы ақпаннан басталған соғыс барысында Ресей бұл бомбалаушыларды Украинаның қалалары мен инфрақұрылымын атқылауға белсенді пайдаланды. Ту-95 ұшақтары, әдетте, Ресей немесе Беларусьтің әуе кеңістігінде қалып, Украина аумағына кірмей-ақ зымырандарын ұшырады. Бұған олардың ұшу қашықтығы мен зымырандардың алысқа соққы жасай алатын мүмкіндігі молынан жетеді.
Алайда соғыс ұзаққа созылған сайын Украина да қарсы соққы беру амалдарын тауып, Ресейдің ұзақ қашықтықтағы авиациясын нысанаға ала бастады. 2022 жылдың соңында Украина алғаш рет Ресейдің өз ішіндегі әскери аэродромдарға дрондар жіберіп, Саратов облысындағы «Энгельс» әуе базасында тұрған бірнеше Ту-95МС ұшағына зақым келтірді деген ақпарат тарады. Бұл шабуылдар жалғасып, 2023 жылы да кейбір әскери әуежайларға соққы жасалды. Ал 1 маусымда Украина бір күнде Ресейдің төрт бірдей алыс орналасқан авиабазасына ірі шабуыл жасап, Ресейдің стратегиялық авиациясына тарихтағы ең үлкен соққы берді. Шетелдік БАҚ спутник суреттері мен бейнематериалдарды талдау нəтижесінде Иркутск облысындағы «Белая» әуе базасында кемінде төрт Ту-95МС ұшағының жойылып немесе қатты зақымданғанын, сондай-ақ Мурманск облысындағы «Оленья» әуе алаңында бірнеше Ту-95 ұшағының өртенгенін анықтаған.
Әскери сарапшылардың бағалауынша, мұндай ірі шығынның орнын толтыру қиын, себебі Ресей 1990 жылдардан бері жаңадан Ту-95 ұшағын шығарған жоқ. Қазіргі флот кеңес дәуірінен қалған техниканы күрделі жөндеуден өткізіп ұстауға негізделген. Батыс санкциялары жағдайында тіпті қолда бар ұшақтардың қозғалтқышы мен электроникасын күтіп-ұстаудың өзі қиынға айналған.
Айтпақшы, Қазақстаннан ұрланған ұшақтар деген мәліметпен қатар Украинаның «Өрмек» операциясына Қазақстанның да қатысы болуы мүмкін деген хабарлар тарала бастады. Ресейлік телеграм-арналар шабуылда қолданылған дрондар Челябі облысындағы қоймада жиналған болуы мүмкін деп жазды. Бұл облыс Қазақстанмен шекаралас. Кей ақпарат көздері жүк, дрон бөлшектері Қазақстаннан әкелінген болуы мүмкін деген болжам жасады. Сондай-ақ шабуылға қатысы бар делінген логистикалық компания иесі Артем Тимофеев операцияға дейін бірнеше күн бұрын Қазақстанға кеткені айтылды. Ол – Украина тумасы, кейін Ресей азаматтығын алған.
«Өрмек» операциясы төңірегіндегі болжамдарға қарамастан, Қазақстан билігі бұл оқиғаларға қатысын ресми түрде жоққа шығарды. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров бұл тұжырымдарды «ашық дереккөздердегі қастандық теориялары мен долбарлар» деп бағалап, расталмаған ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты. Саясаттанушылар мен сарапшылар бұл жағдайды Қазақстанды геосаяси қақтығысқа тарту мақсатындағы ақпараттық шабуыл деп есептейді. Алайда халықаралық қауіпсіздік саласындағы сарапшы Рустам Бурнашев техникалық тұрғыда мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның пікірінше, ЕАЭО аясындағы тауар айналымының еркіндігі себепті кейбір дрон бөлшектері Қазақстан арқылы Ресейге тасымалдануы ықтимал, бірақ бұл Қазақстанды халықаралық деңгейде айыптауға негіз бола алмайды. Ал Мәскеу мен Астана бұған қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР