Украина бойынша үшжақты кездесу наурыздың басына шегерілді — БАҚ
Украинадағы жағдайды реттеуге арналған Мәскеу, Киев және Вашингтон өкілдері қатысатын үшжақты кездесу наурыз айының басына ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның өтетін орны нақтыланып жатыр.
ТАСС агенттігінің дереккөзіне сүйенген мәліметке сәйкес, бұған дейін келіссөздердің жаңа раунды 26 ақпанда Женевада өтеді деп жоспарланған еді. Алайда соңғы ақпаратқа сәйкес, бұл күні АҚШ пен Украина арасындағы екіжақты келіссөздер өткізіледі.
DW жазуынша, 25 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Украина мен Ресей арасындағы келіссөз барысы талқыланған.
"Біз ертең Женевада өтетін екіжақты кездесуде өкілдеріміз жұмыс істейтін мәселелерді, сондай-ақ наурыз айының басында толық құрамдағы үшжақты форматта өтетін келесі кездесуге дайындықты талқыладық, - деді Зеленский.
Ол телефон әңгімесіне америкалық тараптан Трамптың келіссөз жүргізушілері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысқанын атап өтті. Украина басшысы келесі келіссөз кезеңі Украина мен Ресей арасындағы диалогты «көшбасшылар деңгейіндегі келіссөздерге» ұластыруға мүмкіндік береді деп үміттенетінін айтты. Трамп бұл қадамдар тізбегін қолдайтынын білдірген.
Еске сала кетейік, Украина бойынша алдыңғы үшжақты келіссөз раунды өткен аптада Женевада өткен болатын.