Украина Брянскідегі зауытқа соққы жасады
Украинаның зымыран шабуылы салдарынан Ресейдің Брянск облысында 6 адам қаза тауып, 40-тан астам адам жараланған. Бұл туралы өңір губернаторы Александр Богомаз мәлімдеді.
Губернатордың айтуынша, 6 адам қаза тапқан, 42 адам жараланған, олардың 29-ы ауруханаға жатқызылған.
Богомаз бұл оқиғаны «террорлық шабуыл» деп атады. Оның айтуынша, Брянск қаласының Советский ауданында өрт шығып, аспанға қою түтін көтерілген. Сондай-ақ тұрғындарға үйден себепсіз шықпау және терезелерді жабық ұстау ұсынылған.
Зеленский не деді?
Украина президенті Зеленський журналистермен сөйлескенде Брянскідегі шабуылды Киев ұйымдастырғанын растады.
Оның айтуынша, Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский оған операцияның сәтті өткенін хабарлаған. Зеленскийдің сөзінше, шабуыл нысанасы Ресей ракеталарына арналған электроника мен бөлшектер шығаратын зауыт болған.
«Біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға соққы жасап жатқан жүйелерге жауап берілді. Біз қорғанып жатырмыз», – деді Украина президенті.
Қандай қару қолданылды?
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы мәліметінше, соққы Storm Shadow қанатты ракеталарымен жасалған. Нысана ретінде Кремний Эл микроэлектроника зауыты таңдалған.
Украина әскери өкілдерінің айтуынша, бұл шабуылдың мақсаты – Ресейдің әскери-өнеркәсіптік әлеуетін әлсірету.
Жарияланған видеоларда зауыт аумағында кемінде бес жарылыс болғаны көрінеді.
Бейресми деректер бойынша, зауыттың жинақтау цехына ракета түскен және зауыт жанындағы Брянск бизнес және басқару техникумы да зардап шеккен.
Жергілікті тұрғындар түсірген видеоларда үйлердің зақымданғаны мен көліктердің өртенгені байқалады. Кейбір мәліметтерде ракеталардың бірі тұрғын үйге де түскені айтылған.
Зауыт туралы
«Кремний Эл» – Ресейдегі ең ірі микроэлектроника кәсіпорындарының бірі.
Онда өндірілген чиптер – зымыран кешендерінде, әскери дрондарда қолданылады.
Бұл кәсіпорын бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшыраған:
-
2023 жылғы тамыз және қыркүйекте;
-
2024 жылғы қазанда;
-
2025 жылғы қаңтарда, сол кезде шабуылдан кейін зауыт жұмысы уақытша тоқтатылған.
Қазіргі уақытта зақым көлемі нақты анықталып жатыр.