Украина: Чернобыль атом электр станциясы энергетикалық жүйеге қайта қосылды
Украинадағы Чернобыль атом электр станциясы аумағындағы барлық нысандар, соның ішінде жаңа саркофаг пен пайдаланылған ядролық отынды сақтау қоймалары Украинаның біртұтас энергетикалық жүйесіне қалыпты режимде қайта қосылды.
Бұл туралы Украина Энергетика министрлігі 20 қаңтар күні күндіз Telegram арқылы хабарлады.
Ведомство мәлімдемесінде станцияның өндірістік аймағында және тыйым салынған аймақтағы радиация белгіленген бақылау деңгейлерінен аспайтыны атап өтілген. Сондай-ақ, ықтимал қайта шабуылдар болған жағдайда ЧАЭС жеткілікті мөлшердегі отын қорымен және жұмысқа жарамды резервтік электр көздерімен қамтамасыз етілгені айтылды.
Министрлік дерегінше, қазіргі таңда халыққа және қоршаған ортаға тікелей қауіп жоқ. Энергетиктер мен станция қызметкерлері жағдайды күшейтілген режимде бақылауды жалғастырып жатыр.
Бұған дейін, 20 қаңтар күні таңертең Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) X әлеуметтік желісінде ауқымды соғыс қимылдары салдарынан Чернобыль АЭС-тің сыртқы электрмен жабдықтаудан толық ажыратылғанын хабарлаған болатын.
Украина Энергетика министрлігі бұл жағдайға байланысты қатаң мәлімдеме жасап, агрессор тарапынан жасалып жатқан мұндай әрекеттердің ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын өрескел бұзатынын атап өтті.
«ЧАЭС нысандарын электр қуатынсыз қалдыру қаупін тудыру арқылы қарсы тарап тек Украинаның ғана емес, бүкіл Еуропа құрлығының қауіпсіздігін қатерге тігіп отыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Осыған байланысты АЭХА бас директоры Рафаэль Гросси мен Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль агенттіктің басқарушылар кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізуге келіскен. Украина Энергетика министрлігінің мәліметінше, жиын Ресейдің Украина энергетикалық жүйесіне жасаған шабуылдарының салдарын бағалау үшін ұйымдастырылады.
АЭХА бұған дейін 20 қаңтар күні таңертең ЧАЭС-тен басқа станцияларға электр жеткізетін жоғары кернеулі желілердің зақымданғанын, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік үшін аса маңызды бірнеше электр қосалқы станциялардың істен шыққанын хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін де 2025 жылғы 1 қазанда Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға жасаған соққылары салдарынан Чернобыль АЭС-те электр қуаты шамамен үш сағатқа уақытша өшкен еді. Сол кезде саркофаг пен пайдаланылған ядролық отын қоймасы электрсіз қалғанымен, сол кештің өзінде электрмен жабдықтау қалпына келтірілген. Радиация рұқсат етілген деңгейден аспаған.