Украина Донбасстан әскерін шығаруға келіспей отыр
Украина президенті Владимир Зеленский Берлинде АҚШ өкілдерімен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Германия астанасында өтіп жатқан кездесулерге АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, сондай-ақ Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысып жатыр.
Алдағы күндері келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдері, соның ішінде Германия канцлері Фридрих Мерц пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қосылады деп болжанған.
14 желтоқсанда Зеленский мен америкалық тарап арасындағы келіссөздер бес сағаттан астам уақытқа созылды. Кездесу қорытындысы бойынша Стив Уиткофф бейбітшілік жоспарын талқылауда «айтарлықтай ілгерілеу бар» екенін мәлімдеді.
Алайда The Wall Street Journal басылымы өз дереккөздеріне сүйене отырып, келіссөздердің «өте күрделі» өткенін жазады. Басылымның мәліметінше, АҚШ өкілдері ымыраға келуге аса дайын емес, ал кездесулер Ресей қатысуынсыз-ақ «арқан тартысқа» ұқсап кеткен. Вашингтон тез шешім қабылдауды талап етсе, Зеленский мен еуропалық көшбасшылар уақыт пен жан-жақты талдауды қажет ететін түбегейлі келіспеушіліктер барын айтып отыр.
Аумақ мәселесі – басты кедергі
Келіссөздердегі ең күрделі тақырып – жер мәселесі. Politico басылымы Франциядағы дереккөздерге сүйене отырып, Украинаның АҚШ ұсынған Донбасста қарусыздандырылған «еркін экономикалық аймақ» құру және онда америкалық компаниялардың жұмыс істеуі жөніндегі бастамадан бас тартқанын хабарлады.
Ал Германияның Bild газеті Украина әскерінің Донецк облысындағы өз бақылауындағы аумақтан шығуы Киев үшін «қызыл сызық» екенін жазады. Басылымның мәліметінше, Украина мұндай қадамға барса, Ресей өз әскерін кері әкетуден бас тартады деген қауіп бар.
Еуропа елдерінің өкілдері де Украина нақты әрі сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін алмайынша, аумақ мәселесінде алға жылжу болмайды деген ұстанымды қолдап отыр.
НАТО мәселесі және қауіпсіздік кепілдіктері
Зеленский 14 желтоқсандағы келіссөздер қарсаңында, егер Украина АҚШ пен өзге серіктестерден НАТО-ның 5-бабына тең келетін қауіпсіздік кепілдіктерін алса (яғни, Ресей қайта шабуыл жасаған жағдайда, кепіл елдер әскери көмек көрсетуге міндеттенсе), НАТО-ға мүшеліктен бас тартуға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Киев халықаралық социология институтының жаңа сауалнамасына сәйкес, украиндардың 63 пайызы соғыс «қанша қажет болса, сонша уақыт» жалғасса да төзуге дайын. Бұл көрсеткіш соңғы алты айда айтарлықтай өзгермеген: мамырда – 60%, қыркүйекте – 62% болған.
Соғыстың алғашқы жылдарында бұл көрсеткіш 70 пайыздан жоғары болғанымен, өткен қыста ең төмен деңгейге түскен – сол кезде соғысты жалғастыруға дайындар 60 пайыздан төмен болған.
Сауалнамаға қатысқандардың тағы 15 пайызы соғысқа бірнеше ай ғана төзуге дайын екенін айтса, 21 пайызы нақты жауап беруге қиналған. Бұл – зерттеулер басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, Украина халқының басым бөлігі соғыстың жақын арада аяқталатынына сенбейді. Респонденттердің небәрі 9 пайызы соғыс биыл аяқталады десе, 14 пайызы – 2026 жылдың алғашқы жартысында, 11 пайызы – сол жылдың екінші жартысында аяқталады деп үміттенеді. Ал 32 пайызы соғыс кемінде 2027 жылға дейін жалғасады деп есептейді, тағы 33 пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.
Берлиндегі келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.