Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:40

Украина Донецк облысындағы Северск қаласынан шегінгенін растады

украина
Фото: kaktus.media

Украина Қарулы күштерінің Бас штабы украин әскерінің Донецк облысындағы Северск қаласынан шыққанын ресми түрде растады. 

Бұл туралы Бас штабтың Telegram-арнасында жарияланған хабарламада айтылды.

Ресми мәлімдемеде Северск маңында ауыр шайқастар жалғасып жатқаны көрсетілген. Ресей әскері адам күші мен әскери техника жағынан едәуір басымдыққа ие бола отырып, айтарлықтай шығындарға қарамастан, белсенді шабуыл әрекеттерін тоқтатпай отырғаны атап өтілген.

«Жауынгерлеріміздің өмірін сақтау және бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін қорғау мақсатында украин қорғаушылары елді мекеннен шегінуге мәжбүр болды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Украина Бас штабының мәліметінше, қарсы тарап күрделі ауа райы жағдайында шағын штурмдық топтар арқылы үздіксіз қысым көрсетіп, сан жағынан басымдық есебінен алға жылжыған.

«Қала әлі де біздің әскеріміздің оқ ату бақылауында қалып отыр. Қала аумағындағы оккупациялық күштерге соққылар беріліп, олардың логистикалық жолдары үзілуде», – деп хабарлады Бас штаб.

Украинаның DeepState аналитикалық жобасы Ресей Қарулы күштерінің Северск бағытында ілгерілегені туралы 19 желтоқсанда-ақ мәлімдеген. Соғысқа дейін бұл қалада шамамен 11 мың адам тұрған.

DeepState онлайн-карталарына сәйкес, Ресей әскерлері қаланы бақылауға алып, Северсктен оңтүстік бағытта шамамен 3 шақырымға алға жылжыған. Қаладан 30 шақырым батыста ірі қала – Славянск орналасқан.

АҚШ-тағы Institute for the Study of War (ISW) 21 желтоқсанда Северскінің құлағанын хабарлаған. Институт сарапшыларының дерегінше, Ресей Қарулы күштері Лисичансктен Северскке дейін батыс бағытта 20 шақырым ілгерілеп, қаланы басып алу үшін 41 ай уақыт жұмсаған.

Ресейлік тәуелсіз әскери сарапшы Ян Матвеев Северск 2025 жылы Ресей бақылауына өткен Украинадағы жалғыз қала екенін атап өтті. Оның айтуынша, Волчанск, Купянск, Лиман, Часов Яр, Константиновка, Мирноград, Покровск, Родинское және Гуляйполе бағыттарындағы шайқастар әлі де жалғасып жатыр. Бұған қарамастан, Ресей Қорғаныс министрлігі бұл елді мекендердің көбін басып алғаны туралы есеп беріп келеді.

Матвеевтің пікірінше, қазіргі жағдайда Украина үшін Северсктен оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан Резниковка ауылы маңындағы аумақты ұстап қалу аса маңызды. Бұл Ресей әскерінің Славянск бағытына қарай одан әрі тереңдей енуіне жол бермеу үшін қажет.

Сондай-ақ 23 желтоқсанда Украина армиясының өкілі Виктор Трегубов телеэфирде Ресей әскерінің Украина шекарасын жаңа бағытта – Сумы облысындағы шекара маңында орналасқан Грабовское ауылы төңірегінде кесіп өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл күтпеген жерден жасалған, оған шамамен 100 ресейлік әскери қатысып жатыр, қазір ауыл үшін ұрыстар жүріп жатыр.

Грабовское ауылы Ресейдің Белгород облысымен шектеседі және Сумы қаласынан шамамен 50 шақырым шығыста орналасқан.