Украина дрондары Ресейдің екі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады

Украина әскерінің дрондары түнде Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Афипск мұнай өңдеу зауыты мен Самара маңындағы Куйбышев мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы хабарлады.
Украина дрондарының шабуылынан кейін Краснодар өлкесіндегі Афипск МӨЗ аумағында бір қондырғы отқа оранды. Өрттің аумағы шамамен 20 шаршы метр деп бағаланған. Оны сөндіруге 21 адам мен 8 техника жұмылдырылды.
Геленджик маңындағы Криница ауылында да дрон сынықтарынан орман өртеніп, жалпы көлемі 200 шаршы метр болатын үш ошақ анықталды.
Telegram-арналарда жарияланған ақпаратқа сәйкес, нысанаға газ бен газконденсатын бірлесіп өңдейтін қондырғы алынған. Бұл зауытқа украин дрондары бұған дейін, 7 тамызға қараған түні де соққы жасаған болатын.
Самарадағы жағдай
Самара облысындағы Куйбышев МӨЗ де дрондар шабуылына ұшырап, зауыт аумағында үлкен өрт шыққаны туралы фото-видеолар тарады.
Облыс губернаторы Вячеслав Федорищев нақты мәлімет бермегенімен, Самара әуежайында уақытша шектеулер енгізілгенін растады. Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында мобильді интернет жұмысына да шектеулер қойылды.
Шабуыл кезінде Самара облысындағы «Кряж» теміржол стансасы да зақымданды. БПЛА құлауынан байланыс желісі үзілді. Соның салдарынан 3 пойыздың қозғалысы тоқтатылып, 10 пойыз уақытынан кешіктірілді.
Ресей билігінің мәліметі
Ресей Қорғаныс министрлігі 27 тамыз сағат 23:00-ден 28 тамыз сағат 07:00-ге дейін әуе қорғаныс күштері 102 украин дронын атып түсіргенін хабарлады.
-
22 дрон Қара теңіз үстінде,
-
21 дрон Ростов пен Самара облыстарында,
-
18 дрон Краснодар өлкесінде,
-
3 дрон Воронеж бен Саратов облыстарында,
-
2 дрон Волгоград облысында,
-
1 дрон Азов теңізі үстінде жойылған.
Ал Қырым аумағында 11 дрон атып түсірілген.
Ростов облысының уақытша губернаторы Юрий Слюсарь дерегінше, дрон сынықтары тұрғын үйлердің төбесіне құлап, электр желілерін зақымдаған. Маньково-Калитвенское ауылында 89 адам эвакуацияланды.
Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочаров болса, Камышин ауданындағы Петров Вал қаласында локомотив депосының техникалық ғимаратында өрт шыққанын хабарлады.
Украина дрондарының соққылары Ресейдің мұнай инфрақұрылымына ғана емес, теміржол және энергетикалық нысандарына да бағытталып отыр. Бұл шабуылдар Мәскеудің әскери-өнеркәсіптік әлеуетіне қысымды күшейтуді көздейді.