Украина Еуропалық одаққа жедел түрде қосылуға тырысып жатыр

Украинаның Премьер-министрі Денис Шмыгаль Еуропалық одаққа мүше болу тек Украина үшін ғана емес, бүкіл Еуропа үшін тиімді болатынын айтты.
Бұл туралы ол Брюссельде өткен ЕО–Украина бизнес-саммитінде мәлімдеді. Саммит аясында Еуропалық одақ Украинамен экономикалық байланыстарды тереңдетуге, елді қалпына келтіруді жеделдетуге және оны ЕО-ның бірыңғай нарығына интеграциялауға бағытталған қадамдарды талқылады.
"Украинаның ЕО-ға қосылуын жеделдету – бұл жай ғана ынтымақтастықтың белгісі емес, бұл – Еуропаның болашағына жасалған инвестиция. Біз Еуропа көшбасшыларын Украинамен интеграцияны жеделдетіп, толыққанды мүшелікке апарар жолды қысқартуға шақырамыз", – деді Шмыгаль.
Сонымен қатар, премьер-министр еуропалық бизнес өкілдерін Украинаға инвестиция салуға шақырды: "Біз сіздерді болашаққа инвестиция салуға шақырамыз. Бұл – бүкіл Еуропа құрлығының өркендеуін қамтамасыз ететін болашақ".
Брюссельдегі саммитте сөз сөйлеген Польшаның Еуропа істері жөніндегі министрі Адам Шлапка Еуропалық одақтың стратегиялық бағыттарын қайта қарауға тарихи мүмкіндік туындағанын атап өтті.
"Ендігі жаңа парадигма 'алдымен Ресей' емес, 'қазір Украина' болуы керек", – деді ол.
Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни саммитке онлайн қатысып, Украинаға қолдау білдірді. Алайда ол Киевті қажетті реформаларды толық аяқтауға шақырды.
"Италия Украинаның Еуропалық одаққа толыққанды мүше болғанын қалайды және бұл жолда Киевке қолдау көрсетеді. Бірақ реформаларға ерекше назар аудару қажет. Бұл маңызды істе сіздер Италия үкіметіне сене аласыздар", – деді Таяни.
Украина 2022 жылдың 28 ақпанында, Ресейдің кең ауқымды басып кіруінен төрт күн өткен соң, ЕО-ға мүшелікке өтініш берген болатын. Президент Владимир Зеленский бұл өтінішті арнайы жеделдетілген рәсім арқылы қарастыруды ұсынды.
2022 жылдың 23 маусымында Украинаға кандидат мәртебесі берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто Украина Еуроодақпен мүше болу туралы келіссөздерді бастамас бұрын, Закарпат аймағындағы венгр ұлтының құқықтарын қалпына келтіруі қажет екенін мәлімдеген еді.