Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Украина Қара теңізде 5 мың тонна ұрланған бидайды тиеген Ресей кемесін ұстады

1
Фото: ашық дереккөз

Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) Қара теңізде "көлеңкелі флотына" жататын шетелдік жүк кемесін қолға түсірді. Кемеде Ресей тарапынан Украинадан ұрланған 5 мың тонна бидай болған.

 

Украина Қауіпсіздік қызметінің ресми мәліметіне сәйкес, операция СБУ мен Шекара қызметінің бірлескен арнайы шарасы аясында Қара теңіздің ішкі аймағында өткен. Кеменің нақты қашан ұсталғаны айтылмады, алайда тергеу барысында оның 2024 жылдың соңында Севастополь портынан Украина оңтүстігіндегі уақытша басып алынған аумақтардан ұрланған бидайды алып шыққаны анықталған.

Кеме Азия мемлекеттерінің бірінің туы астында заңсыз рейд жасаған. Кеменің ішінен Украина ауыл шаруашылығы өнімдерінің ұрланғанын дәлелдейтін құжаттар, навигациялық құрылғылар мен өзге де айғақтар табылған.

"Көлеңкелі флот" деген не?

"Көлеңкелі флот" деп халықаралық бақылау жүйелерінен жасырынып әрекет ету үшін сигнал беретін құрылғыларын (маяк) өшіріп қоятын ескі танкерлер аталады. Бұл кемелердің басым бөлігі Ресейдің мемлекеттік "Совкомфлот" компаниясының басқаруында. 2022 жылдың соңында Батыс елдері Ресей мұнайына баға шектеуін енгізгеннен кейін, Мәскеу бұл санкцияны айналып өту үшін "көлеңкелі флотын" белсенді пайдалана бастаған.

The Guardian басылымының мәліметінше, қазіргі таңда Ресейдің "көлеңкелі флотында" 600-ге жуық кеме бар және олар Ресей мұнайының 70 пайызын экспорттауға жауапты.

Украин тарабы бұл кеменің ұсталуын агрессор елдің санкцияларды бұзып, оккупацияланған аумақтардағы ресурстарды заңсыз иемденіп отырғанының тағы бір айғағы деп бағалап отыр.

Тегтер: