Украина Қарулы Күштерінің Бас штабына жаңа басшы тағайындалды

Украина Президенті Владимир Зеленский Қарулы Күштер Бас штабының жаңа басшысын тағайындады.
Бұл лауазымға генерал-майор Андрей Гнатов келді. Бұл туралы мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланған жарлықта хабарланды.
«Жаңа қызметінде Гнатовқа Украина Қарулы Күштерін басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, атап айтқанда, корпус құрылымын қайта құру және енгізу процестерін жетілдіру, Жоғарғы Бас қолбасшының шешімдерін жедел қабылдау және орындау, сондай-ақ жауынгерлік тәжірибені жоспарлау мен басқаруда қолдану тапсырылды», - делінген хабарламада.
Генерал-майор Андрей Гнатов – әскери салада 27 жылдан астам тәжірибесі бар маман. Ол бұрын теңіз жаяу әскерінің бригадасын, «Шығыс» жедел қолбасшылығының әскерлерін және Украина Қарулы Күштерінің Біріккен күштерін басқарған. Ақпан айының соңында Гнатов Бас штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.
Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметін атқарған генерал-лейтенант Анатолий Баргилевич Украина Қорғаныс министрлігінің бас инспекторы болып тағайындалды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпанында Владимир Зеленский Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметінен босатып, оның орнына Шығыс майдандағы украин тобының қолбасшысы генерал-полковник Александр Сырскийді тағайындаған болатын.