Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:15

Украина КТК инфрақұрылымына жасалған шабуылға қатысты түсініктеме берді

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Украина Сыртқы істер министрлігі Қазақстан тарапынан Каспий құбыр консорциумының (КТК) сыртқы құрылымына жасалған шабуылға байланысты білдірілген наразылығына жауап берді.

Министрлік Қазақстанның алаңдаушылығын ескеретінін атап өткенімен, украин тарапының әрекеттері Қазақстанға немесе өзге де үшінші тараптарға бағытталмағанын жеткізді.

Хабарламада украин күштерінің әрекеттері тек Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталғаны айтылған. Киевтің пікірінше, Ресей Қара теңіз аймағындағы тұрақсыздықтың басты себебі болып отыр.

"Украина күштері толық ауқымды Ресей агрессиясына қарсы әрекет етеді. Сарапталған және стратегиялық тұрғыдан негізделген қорғаныс операциялары аясында Украина қорғаныс күштері жаудың әскери-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде әлсіретіп, оның қылмыстық басқыншылық соғысын жүргізуге және біздің азаматтарымызды өлтіруге қолданатын құралдарынан айырады. Украина агрессордың соққыларына жауап береді және қарсы әрекет жасайды", — деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар Украина Қазақстан тарапынан Ресей Федерациясының Украина тұрғындарына, үйлерге, азаматтық инфрақұрылым мен энергетикалық жүйеге, соның ішінде АЭС станцияларының қосалқы станцияларына жасаған соққыларына қатысты наразылық немесе айыптаулар естілмегенін атап өтті.

Украина Қазақстанға қарсы ешқандай әрекет жасалмағанын жеткізуімен қатар, Ресейді тезірек соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін күштерді біріктіруге шақырды.

"Қорытындылай келе, біз қазақ халқына деген өзгермейтін құрметімізді растаймыз және біздің халықтар арасындағы тарихи мықты байланыстар деңгейіне сәйкес Қазақстан Республикасымен достық әрі прагматикалық қатынастарды дамытуға ниеттіміз", — деп баса айтты.

Тегтер: