Украина Лукойл бұрғылау қондырғыларының жойылғанын хабарлады
Украина Қорғаныс күштері Каспий теңізінде Ресейдің Лукойл мұнай компаниясына тиесілі үш бұрғылау қондырғысына соққы жасаған.
Бұл туралы 11 қаңтар күні Украина Қарулы күштерінің Бас штабы хабарлады.
Бас штабтың Telegram желісіндегі мәлімдемесіне сәйкес, хабарлама Владимир Филановский, Юрий Корчагин және Валерий Грайфер атындағы бұрғылау қондырғылары туралы болып отыр. Украина тарапының мәліметінше, бұл нысандар Ресей армиясын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылған.
«Шабуыл тіркелді. Келтірілген шығын көлемі нақтыланып жатыр», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Ресейдің оккупациялық әскерінің әскери-экономикалық мүмкіндіктері мен шабуыл әлеуетін жүйелі түрде әлсірету жалғасып жатқанын атап өтті.
Ресейдің мамандандырылған Neftegaz.ru платформасының дерегіне сүйенсек, Владимир Филановский атындағы мұнай-газ конденсаты кеніші Каспий теңізі шельфінің солтүстік бөлігінде, Астрахань қаласынан шамамен 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Кеніш 2005 жылы ашылып, 2016 жылдың қазан айында өнеркәсіптік пайдалануға берілген.
Валерий Грайфер атындағы кеніш (бұрынғы атауы — «Ракушечное») 2001 жылы ашылған және Владимир Филановский кенішіне тікелей жақын маңда орналасқан.
Ал Юрий Корчагин атындағы кенішті «Лукойл» компаниясы 2010 жылы пайдалануға енгізген. Компанияның ресми мәліметінде бұл кеніште жиынтық мұнай өндіру көлемі 8,6 млн тоннадан асқаны, ал кен орнын игеру үшін барлық теңіз нысандары Астрахан облысы аумағында салынғаны айтылған.
Украина тарапы шабуылдың нақты салдары мен келтірілген шығын мөлшері қосымша хабарланатынын мәлімдеді.