Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:47

Украина майданында өзгеріс көп

Покровск
Фото: ЖИ / Жас Алаш

2025 жылдың күзі әлемдік қауіпсіздік үшін ең тынышсыз маусымдардың біріне айналды. 

Украинадағы соғыс майданында Ресей шабуылы екі есеге үдеп, Покровск пен Запорожье бағытында қорғаныс шебін шайқалтса, параллель түрде Мәскеумен Вашингтон ядролық қару тақырыбын қайта қозғап, жаңа текетірестің шегіне жақындай түсті. Соғыс барысы мен ядролық қару жарысының қатар жандануы XXI ғасырдың ең қауіпті кезеңдерінің біріне жол ашып, әлемдегі бейбітшіліктің есігін қайта қаға бастады.

Ресей соғыс тактикасын өзгертті

Украинадағы соғыс кейінгі айда қарқын ала бастады. Оның себебі Ресей майдандағы тактикасын өзгертті. Әзірге ол нәтиже беріп жатыр. Донбастағы маңызды бекініс қалалардың бірі Покровск кейінгі апталарда қатты шабуылға ұшырап, соғыстың жаңа эпицентріне айналды. Покровск қаласы екі жылға жуық қоршауда тұрса да, қазан-қараша айларында онда ресейлік әскер күндіз-түні шабуылдап, көшелерді басып кіруге тырысып жатыр. Ресей тарапы барлаушы дрондар мен спутник суреттерін қолданып, украин қорғанысындағы осал тұстарды анықтаған соң, шағын жаяу әскер топтарын кезек-кезек шабуылға жібереді.

Әрине, олардың көбін украин дрондары жолай жойғанымен, аман қалғандары алға жылжып, украин әскерімен қоян-қолтық ұрысқа кіріскен. Мұндай тактика арқылы ресейлік күштер қала ішіне еніп, үй-жайларды біртіндеп басып ала бастады. Украин сарбаздары әрбір ғимарат үшін жан алысып, жан берісіп шайқасып жатыр. Қала ішінде нақты майдан шебі жоқ – әр үйдің жертөлесі мен қабаттарында екі жақтың сарбаздары араласып, «лабиринтті ұрыс алаңы» қалыптасқаны айтылуда. Украинаның бір офицері Кирилл Сазонов Покровскіні ешқашан бермейміз деп сендіріп, ашық далада соғысқаннан гөрі қала жертөлелерінде қорғанған ыңғайлы деп жазады. Алайда күздің қара суығы түсіп, жаңбыр көбейген сайын Ресей шабуылды үдетіп отыр. Ондағы мақсаты – қаланы қар түскенше толық басып алу.

Сарапшылар да Покровскіде Украина әскерінің жағдайы тым ауыр екенін айтады. Германияның Бремен университетінің зерттеушісі Николай Митрохин украин жауынгерлері қала маңындағы ашық далада ресейліктерді тежей алғанымен, қарсылас әскер қала ішіне кірген соң қарсылық мүлде әлсірегенін мәлімдеді. Себебі Покровскіні қорғауға сарбаз жетіспейді. Дрондар да қала ішінде ғимараттардың арасында бұрынғыдай тиімді болмай қалған. Митрохиннің айтуынша, «қаланы алу – уақыт мәселесі», сондықтан Киев қалған әскерін қоршауда қалдырмау үшін Покровскіден тактикалық шегінуге мәжбүр болады. Шынында, қала толықтай қоршауға түсу қаупі туындап отыр. Бұл жағдай 2014 жылдан бері Донбасты берік ұстап келген украин қорғаныс шебінің сетінеуіне әкелуі мүмкін.

Покровскінің стратегиялық маңызы

Покровск – Донецк облысының Киев бақылайтын бөлігіндегі басты тірек-қалалардың бірі. Сарапшылар оны шығыстағы украин әскерінің бекініс белдеуіндегі маңызды логистикалық торап деп атайды. Қала құласа, Ресей 2022 жылы заңсыз қосып алған Донбастың қалған бөлігін басып алуға мүмкіндік алады. Мәскеу үшін бұл символикалық жеңіс. Себебі ДХР жарияланған аумақ түгел жауланса, Кремль оны ішкі аудиторияға үлкен жетістік етіп көрсетуі мүмкін. Сонымен бірге Покровскінің маңайындағы төбелерден Ресей әскері батысқа, Днепр облысына қарай дрондар мен артиллерияны кеңінен қолдана отырып, шабуылды жалғастыруға қолайлы жағдай жасамақ. Украинаның өзі де мұның маңызын түсінеді. Қазан айының соңында президент Зеленский Покровскіге арнайы барып, қорғаныс шебін ұстап тұрған әскерге рухани демеу берді. Дегенмен тіпті Зеленскийдің жақтастары да Ресейдің қалаға дейін жақындап келуін әскери басшылықтың қателігі деп сынап, «біртіндеп қалаларды жау қолына беріп жатырмыз» деп ашық айтты. Егер Покровск құласа, бұл Мәскеу үшін қымбатқа түскен болса да, зор үгіт-насихат жеңісі болмақ.

Запорожье бағытындағы соғыс

Покровскіге назар ауған шақта, майданның оңтүстік бөлігінде – Запорожье және Днепропетровск облыстары түйіскен аумақта Ресей әскері біраздан бері қарқынды шабуыл жүргізіп, айтарлықтай жерді тартып алды. Қараша айының басында Украина Генштабы Запорожье облысы Гуляйполе қаласының солтүстігінде орналасқан бес бірдей ауылдан әскерін шығаруға мәжбүр болғанын мойындады. Бұл өңірде украин қорғанысы бейберекет шегініп, нақты тұрақты шеп құра алмағаны байқалады. DeepState украин талдау тобының мәліметінше, қазан айында Ресей басып алған жаңа жердің 69 пайызы дәл осы Запорожье мен Днепрдің шектескен өңіріне тиесілі. Соған қарамастан, Ресей бұл бағытта шабуылдарының небәрі 16 пайызын ғана жүзеге асырған, яғни, аз күшпен едәуір аумақты алған. Мұның себебі – Украина әскері ең басты күштерін Донбастағы қалаларды қорғауға және солтүстіктегі шептерге жұмылдырғандықтан, оңтүстік шеткері ауыл-аймақтары қорғаныста осал болды. Гуляйполе маңындағы украин бөлімшелерінің өзара байланысы нашар, кей тұста жаудың қысымына шыдамай шегініп жатқанын Украинаның өзі де мойындады. Нәтижесінде Ресей әскері Днепропетровск облысына да алғаш рет аяқ басып, солтүстік бағыттан Покровск қаласына жақындай түсті. Қазір ресейліктер аталған (Донецк облысындағы Покровскімен аттас) Покровск қаласынан 15 шақырымдай ғана қашықтықта тұр және дрондармен соққы жасау қашықтығына жетті. Запорожье облысының солтүстік-шығыс бұрышынан да Ресей әскері Гуляйполені оңтүстіктен ғана емес, солтүстіктен де қысуға ұмтылуда. Сарапшылар егер Украина бұл өңірдегі қорғанысын күшейтпесе, Запорожье майданының тұтас тұрақтылығы қатерге ұшырайды деп ескертеді.

Ресей әскері соңғы уақытта тек оңтүстікте ғана емес, шығыста да біртіндеп ілгерілеп, жалпы соғыс майданындағы басымдықты арттыра түскен сыңайлы. АҚШ-тың Russia Matters талдау орталығының дерегінше, 14 қазан мен 11 қараша аралығындағы бір айда ресейліктер Украинаның 165 шаршы миль (шамамен 427 шаршы шақырым) аумағын басып алған. Бұл алдыңғы төрт аптадағы жаулап алған аумақтан да көп. Тіпті 11-12 қараша күндері Ресей бір тәулікте 40 шаршы километр аумақты алды. Сол бір апта ішінде Ресей әскері оңтүстік-шығыс және шығыс Украинада бірнеше елді мекенді өз бақылауына өткізді. Әрине, бұл табыстар үлкен стратегиялық өзгеріс емес шығар, бірақ ұзақ мерзімде Украина үшін өте ауыр болуы мүмкін. Өйткені Украина резерв күштерінің аздығынан осындай шеткері аймақтарды қорғауға шамасы жетпей, маңыздырақ бағыттарға басымдық беруге мәжбүр. Қазіргі сәтте Украина әскері 1 000 шақырымға созылған майдан шебінде бір уақытта барлық учаскені теңдей қорғауға қауқарсыз екені байқалады. Сарапшылар Украинаның адам ресурсы дағдарысын ашық айтып жүр. Соғыс басталғалы бері әскерден өз еркімен кету не қашу бойынша 290 мың іс қозғалған, тек биылғы қазанда 20 мыңға жуық сарбаз тәртіп бұзғаны тіркелген. Financial Times-тың жазуынша, кейбір учаскелерде майданның әр шақырымын қорғауға небәрі 4-7 украин жауынгері ғана келеді екен. Мұндай селдіреп қалған қорғаныс желісін Ресей дрондары мен атқыштары оңай айналып өтіп, сол аралықтарға күшпен килігіп жатыр. Осылайша Украина құрлық әскері сан жағынан ұлғаймақ түгіл, шығындар кесірінен керісінше азайып барады дейді батыстық сарапшылар. Дегенмен жанталасқан Украина әскері халықаралық қолдаудың арқасында қорғанысты ұстап бағуда және Ресейге де оңайға түсіп жатқан жоқ.

Путин
Фото: ЖИ

Ядролық қару жарысының қайта жандану қаупі

Украинадағы соғыс алаңында жағдай ушықса, геосаяси текетірестің басқа бір алаңында ядролық қару бәсекесінде де жаңа қауіптер бой көтеріп келеді. Жақында Ресей өзінің бұрыннан жарнамалап келе жатқан екі «супер қаруын» сынақтан өткізгенін жариялап, әлемнің назарын аударды. Атап айтқанда, президент Владимир Путин қазан айының соңында «Буревестник» атты ядролық қозғалтқышы бар қанатты зымыранның және «Посейдон» атты суасты ядролық дронының сәтті сынақтан өткені туралы мәлімдеді. Кремльде Путин бұл қаруларды жасаушыларға арнайы мемлекеттік наградалар тапсырды. Оның айтуынша, «Буревестник» әлемдегі барлық белгілі зымыран жүйелерінен ұшу қашықтығы бойынша асып түскен. Ал «Посейдон» торпедасы туралы «мұның баламасы жоқ, оны ұстап тұра алатын қорғаныс жүйесі әлемде жоқ» деп мақтанды. Ресей ресми деректерінде «Посейдон» су түбінде 10 мың шақырым жүзіп бара алады, жылдамдығы сағатына 185 км шамасында, ядролық қозғалтқышпен жүретіндіктен, шалғай кез келген жағаға жетіп, жарылыс жасауға қауқарлы делінеді. Бұл аппарат жағаға жақындағанда қуатты ядролық оқтұмсығын жарып, радиоактивті цунами толқындарын тудырады. Осылайша қарсыластың жағалау өңірлерін түгелдей жойып жібере алады деп сипатталады.

Ал «Буревестник» (НАТО коды SSC-X-9 Skyfall) – шағын ядролық реактор күшімен ұшатын қанатты зымыран. Реактор оны жүздеген сағат әуеде ұстап тұрып, ғаламшарды айнала ұшуға мүмкіндік береді, яғни, іс жүзінде ұшу қашықтығы шексіз. Қазан айында Ресей Бас штабының бастығы Валерий Герасимов бұл зымыранның соңғы сынақта 15 сағатта 14 мың шақырым ұшқанын мәлімдеді. Путиннің сөзінше, «Посейдонның» қуаты Ресейдің ең үлкен құрлықаралық зымыраны «Сарматтан» да асып түседі, ал «Буревестник» пен «Посейдон жасау жұмыстары АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс орнатуына жауап ретінде қолға алынған.

Ресейдің бұл мәлімдемелері Батыс елдерінде үлкен алаңдаушылық туғызды, бірақ әскери сарапшылардың көбі «мұның жаңалық ештеңесі жоқ» деп санайды. Біріншіден, бұл қарулардың технологиялық іске асуы күмән тудырады. Павел Подвиг атты ядролық қару сарапшысы «Буревестник» туралы «мүлде жаңалық емес, бар болғаны алысқа ұша алатын зымыран, оны жою мүмкін емес дегенге дәлел жоқ» дейді. Шынында, «Буревестник» 2017 жылдан бері талай рет сынақтан өткенмен, бірнеше сынақтың тек екеуі ғана сәтті шыққан, қалғандары сәтсіз аяқталған. 2019 жылы Ақ теңіз маңында болған бір сынақта зымыран құлап, бес инженер қаза тапқан еді. Бұл радиоактивті апат Батыс сарапшыларын зымыранның қауіптілігіне иландырған. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт бұл жоба тоқтағандай көрінген. Мәскеудің айтуынша, енді бәрі ойдағыдай жүріп жатыр, бірақ нақты видео немесе фото-айғақтар көрсетілген жоқ. Кейбір мамандар «Буревестник» қаруына мүлдем сенбейді. Массачусетстегі Тафтс университетінің ғалымы Павел Лузин «ұшаққа арналған шағын ядролық реактор жасау физикалық тұрғыда мүмкін емес, бұл оқу бағдарламасындағы қарапайым физика заңдарына қарсы» дейді. Оның айтуынша, ең шағын ядролық реакторлардың өзі тым ауыр (кемі бірнеше тонна) және қуаты аз, ал қанатты зымыранға қажетті қозғалтқыш қуатын беру үшін жаңа материалдар қажет. Бұл жақын болашақта іске аса қоймайтын дүние.

Дегенмен Кремльдің ниеті басқа сияқты. Батысты психологиялық тұрғыда қорқыту, өзінің ядролық әлеуетін көрсету. Бұған соғыс өрті арасында тығырыққа тірелгенін сезінген Ресей басшылығы барын салуда деген пікірлер бар. Мәселен, Ресей СІМ-нің өкілі Мария Захарова Батыс «біздің әлі не көрсететінімізден қорқады» деп мәлімдеп, Ресейдің мұндай қару жасауға НАТО-ның дұшпандық әрекеттері мәжбүрлегенін айтты. Борис Бондарев деген бұрынғы орыс дипломаты бұл қарулардың сыналуын «Мәскеудің Украинадағы тығырықтан шығатын жол таппай, жанталасқан пропагандалық қадамы» деп бағалады. Шынында, «Пасейдон» мен «Буревестник» қандай деңгейде әзір болса да, олардың шығуы әлем қауіпсіздігіне қосымша қатер әкелетіні сөзсіз. Америкалық Nuclear Threat Initiative ұйымының есебінде «Буревестник» армияға енсе, «төмен биіктікте жер шарын айнала ұшып, тосын траекториямен қалаған нысанды соға алады» деп жазылған. Ал «Пасейдон» туралы қару сарапшысы Ханс Кристенсен «бұл су астындағы Чернобыль» деп атады, яғни, мұндай радиоактивті цунами-торпедо қолданылса, Жер экожүйесіне алапат зиян келмек. Бұлар, әрине, ең соңғы шектегі қарулар, яғни, ядролық соғыс басталса ғана қолданылуы мүмкін құралдар. Қалай болғанда да, Мәскеудің бұл әрекеттері әлемде жаңа ядролық қарулану жарысы басталуының белгісіндей қабылданды.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Сайын Борбасов, саясаттанушы: Ресей келісім үстеліне Украина позициясын әлсіретіп барып отырмақ

– Ресейдің әскері көп, потенциалы жоғары. Покровск деген тоғыз жолдың торабында тұрған, Донбасқа жол ашатын маңызды қала. Сарапшылар Покровскіден айырылу ВСУ күшін әлсірететінін айтып жатыр. Әскерге оқ-дәрі, азық-түлік жеткізу қиындай түспек. Осы қала үшін соғыс 2 жылға уақыт жүрді. Өкінішке қарай, украин әскері бұл қаладан шегініп жатыр. Мүмкін алдағы уақытта Украинаның қайта басып алу ықтималдылығы бар. Ресей бұл аймаққа 500 мыңдай әскерін шоғырландырған. Қазір Ресей әскері шағын топтармен соғысу тактикасына көшкен. Соғыс 4 жылға жақындап қалды. Екі жақ та шаршады.

Ресей кейінгі кезде шабуылды күшейтті. Бұл келіссөз алдындағы жағдай сияқты. Келісім үстеліне Украина позициясын әлсіретіп барып отырмақ сыңайлы. Сөйтіп, территориялық келісімге келтіру. 4 облысты алмаса да 2 облысты тартып алу. Қазір мына соғыстан мағына кетті. Соғыс тығырыққа тірелді. Покровскіні Ресей алса да соғыс барысы анау айтқандай өзгермейді. Батыс Ресейден қорқып қалды. Сондықтан Украинаға қаруын да, қаржысын да аямай беріп жатыр.

Ал Ресейдің қанатты зымыран мен су торпедасын сынағаны әлемге қауіп төндіріп тұр. АҚШ-та атом бомбаны сынауды жалғастырамыз дейді. Трамптың бұл мәлімдемесінен кейін Қытай да, Үндістан да, Пәкістан да ядролық арсеналын күшейтуге тырысады, бір сөзбен айтқанда, әлем жаппай қарулануға көшеді. Бұл өте қауіпті жағдай.

Ядролық сынақтарға қайта оралу

Ресейдің ядролық жаңалықтары АҚШ тарапынан да қатаң жауапқа ұшырады. Президент Дональд Трамп Ресейдің «Буревестник» зымыранын ұшырғанын «орынсыз қадам» деп бағалап, қараша айының басында Будапештте жоспарланған өзі мен Путиннің кездесуін дереу тоқтатып тастады. Сонымен бірге ол Пентагонға өзінің ядролық қаруларын сынақтан өткізуді қайта бастауға бұйрық бергенін жария етті. Бұл күтпеген мәлімдеме болды, өйткені АҚШ 1992 жылдан бері бірде-бір нақты ядролық сынақ жасаған емес. Қалай болғанда, Трамп мәлімдемесі Мәскеумен қарым-қатынасты одан әрі ушықтырды. Путин әкімшілігі бұны бірден «вызов» деп танып, жауап дайындауға кірісті.

5 қараша күні Путин Қауіпсіздік кеңесінің жиынында: «АҚШ расында ядролық сынақтарды жаңғыртатын болса, біз де сондай сынақтарға дайындықты бастауымыз керек» деп, СІМ, Қорғаныс министрлігі мен арнайы қызметтерге тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ресей 1990 жылдан бері ресми түрде ядролық жарылыс жасаған емес. Енді Кремль Солтүстік полюске жақын Новая Земля архипелагындағы кеңестік замандағы полигонды кез келген уақытта іске қосады. Ресей бас штабының бастығы Валерий Герасимов: «Егер біз қазір тиісті шара қолданбасақ, кейін тым кеш болады, кей сынақтарға дайындалуға бірнеше айдан бірнеше жылға дейін уақыт қажет» деп, Путинді асықтыруға тырысты. Яғни, Ресей де ұзақ үзілістен соң «керек болса, біз де сынаймыз» дегенге салды.

НАТО елдері бұған қатты алаңдайды. Өйткені XXI ғасырда ядролық қаруды жарып сынаған тек Солтүстік Корея ғана (2017 жылы), ал өзге ірі державалар 1998 жылдан бері мораторий ұстанып келген. Енді сол үнсіз келісім бұзылса, қалған атом державалары да қарап қалмай, кезек-кезегімен сынақ өткізуге көшері анық. Сарапшылар мұны бірінің әрекеті екіншісін туғызатын қауіпті құбылыс деп бағалайды.

Жағдайды қауіпті ете түсетін тағы бір фактор – ядролық қаруы бар үшінші елдердің әрекеті. Қытай соңғы жылдары ядролық оқтұмсықтар қорын едәуір арттырып келеді, АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, алдағы онжылдықта Қытайдың стратегиялық қуаты екі-үш есеге өспек. Путин де өз мәлімдемесінде қазір «АҚШ, Ресей, Қытай арасында ядролық арсеналды жетілдіру бойынша ғаламдық жарыс жүріп жатыр» деп атап өтті. Бұрын екі держава арасындағы тепе-теңдікке сүйеніп келген әлемдік қауіпсіздік жүйесі енді үш немесе одан да көп ойыншы қатысатын күрделі динамикаға айналып барады. Мұның бәрі жалпы адамзат үшін қатерлі кезеңнің қайта тууына түрткі болады.

Тұрсынбек БАШАР