Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:28

Украина мен АҚШ Берлинде қауіпсіздік пен бейбітшілік шарттарын талқылады

Зеленский
Фото: LUDOVIC MARIN/POOL/AFP

Украина мен АҚШ делегациялары арасындағы келіссөздер 14 желтоқсанда Берлинде басталып, бес сағаттан астам уақытқа созылды. Келесі күні, 15 желтоқсанда, тараптар тағы бір кездесу өткізіп, ол шамамен екі сағатқа жалғасты.

Украина тарапынан келіссөздерге президент Владимир Зеленский, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатов қатысты. АҚШ атынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер келді.

Кездесуде АҚШ ұсынған 20 тармақтан тұратын жаңартылған бейбіт жоспар, Украинаға экономикалық қолдау көрсету, қауіпсіздік мәселелері және Запорожье атом электр станциясының болашағы талқыланды. Бұған дейін Вашингтон қараша айының соңында 28 тармақтан тұратын құжат нұсқасын ұсынған болатын.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, АҚШ Украинаға елеулі құқықтық және материалдық қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін білдірген. Ол кез келген ықтимал аумақтық ымыраға тек Украинаның өзі ғана шешім қабылдай алатынын атап өтті.

Сондай-ақ Мерц Еуроодақ пен АҚШ Киевке НАТО-ның бесінші бабына пара-пар қауіпсіздік кепілдіктерін беру жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға көмек көрсету үшін пайдаланудан бас тарту Еуроодаққа ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін. Канцлер бұл активтердің алдағы уақытта да бұғаттаулы күйде қалатынын және Мәскеудің оларға қол жеткізе алмайтынын айтты.

Владимир Зеленский Киев пен Вашингтонның аумақтық мәселеге қатысты ұстанымдары әзірге бір-бірінен алшақ екенін растады. Дегенмен ол диалогтың ашық өткенін және келіссөзге қатысушылардың барлығы Украинаны құрметтей отырып, шешім іздеуге дайын екенін жеткізді.

16 желтоқсанда Владимир Зеленский Нидерланд басшылығымен кездесу үшін Гаагаға сапар шекпек.

Тегтер: