Украина мен Молдованың Еуропалық одаққа қосылуы туралы келіссөздер басталды
Люксембургте Украинаның Еуропалық Одаққа қосылуы туралы келіссөздердің бастауын белгілеген үкіметаралық конференция өтті.
Meduza агенттігінің мәліметінше, конференцияға Киев пен Брюссельден ресми делегациялар қатысты. 13 адамнан тұратын Украина делегациясын вице-премьер Ольга Стефанишина басқарады. Еуроодақтан альянстың барлық 27 елінің министрлері қатысқан. Ал, делегацияны ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Бельгияның Сыртқы істер министрі Хаджа Лабиб басқарды.
«Біз бастайтын келіссөздер қатаң және көп еңбекті қажет ететін болады. Біз сіздің келіссөзді табандылықпен сәтті аяқтай алатыныңызға сенімдіміз », - деді ол Украина өкілдеріне.
Ал, Associated Press агенттігінің хабарлауынша, 25 маусымда Молдованың да Еуропалық Одаққа қосылуы туралы ресми келіссөздер басталған.
Украина мен Молдова халқы Еуропа одағының бір бөлігі болуға өздерінің мызғымас адалдығы мен табандылығын көрсетті. Соғыс пен аласапыран заманның өзінде олар ауқымды реформаларды бастады. Олар өздерінің жолының қатал және жауапты болатынын біледі. Қосылу жөніндегі келіссөздер кандидаттарды [ЕО] мүшелігіне байланысты жауапкершіліктерге дайындауға бағытталған. Сондықтан төте жолдар жоқ, - деді Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен мәлімдемесінде.
Үкіметаралық конференцияда тараптар келіссөздерді ашуға қатысты ұстанымдары мен мәлімдемелерін ортаға салатыны айтылған. Жалпы, одаққа қосылу процесі бір жылға созылады деп күтілуде. Алайда, Брюссельде өткен брифингте ЕО өкілі Украина мен Молдова жағдайында келісім ертерек аяқталуы мүмкін екенін айтты.