Украина мен Ресей 307-ге 307 формуласы бойынша тұтқын алмасты

Сенбі күні Украина мен Ресей тағы бір ірі әскери тұтқын алмасуын жүзеге асырды. Бұл жолғы алмасу «307-ге 307» формуласы бойынша өтті.
Алғаш болып бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі хабар таратты. Кейін Украина президенті Владимир Зеленский де тұтқындар алмасуының өткенін растады.
«Бүгін елге оралғандар арасында Қарулы күштеріміздің сарбаздары, Мемлекеттік шекара қызметі мен Ұлттық гвардия жауынгерлері бар», – деп жазды Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ресей қорғаныс ведомствосының хабарлауынша, Украинадан қайтарылған ресейлік әскери қызметкерлер қазіргі уақытта Беларусь аумағында орналасқан.
Келісілген «1000-ға 1000» формуласы іске асуда
Бұған дейін, яғни жұма күні, екі ел 270 әскери тұтқын және 120 бейбіт тұрғынмен алмасты. Бұл алмасулар — 16 мамырда Стамбұлда өткен келіссөздер барысында келісілген «1000-ға 1000» формуласы бойынша жүзеге асырылып жатқан кезеңдер.
Айта кетейік, бұған дейін де Ресей мен Украина бірнеше мәрте ірі көлемдегі тұтқын алмасуын өткізген. Атап айтқанда, 19 сәуірде «246-ға 246», ал 6 мамырда «205-ке 205» формуласы негізінде тұтқындар өз елдеріне қайтарылған. Бұл процестерде Біріккен Араб Әмірліктері араағайындық еткен болатын.