Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

Украина Паралимпиада-2026 ойындарына саяси бойкот жариялады

 олимпиада
Фото: Claudia Greco/REUTERS

Украина үкіметінің өкілдері Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына және ресми іс-шараларға қатыспайды. Бұл шешім Ресей спортшыларына ұлттық туымен жарысқа қатысуға рұқсат берілуіне жауап ретінде қабылданды.

Украина билігі Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына саяси бойкот жариялады. Ресей мен Беларусь спортшыларына мемлекеттік туларымен қатысуға рұқсат берілгеннен кейін Украина үкіметтік делегациясы Паралимпиада-2026 ойындарының ашылу салтанатына және өзге де ресми іс-шараларға бармайтынын мәлімдеді. Бұл туралы 18 ақпан, сәрсенбі күні әлеуметтік желіде Украина спорт министрі Матвий Бедный хабарлады.

«Паралимпиада ұйымдастырушыларының кісі өлтірушілер мен олардың сыбайластарына ұлттық туымен қатысуға рұқсат беру шешімі көңілге қаяу түсірді», – деді Бедный.

Өз кезегінде Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига X әлеуметтік желісінде былай деп жазды:

«Ресей мен Беларусьті ұлттық рәміздерімен жарысқа жіберу туралы шешім қарапайым шындықты елемейді: бұл тулар мен гимндер агрессия жүргізіп, қалаларды қиратып, спортты насихат құралы ретінде пайдаланатын режимдерді білдіреді. Оларды сол тудың астында жасалған қылмыстардан бөліп қарауға болмайды. Қазіргі Ресейде тіпті паралимпиадалық спорттың өзі Украинаға қарсы соғысқа қатысушыларды дәріптеу үшін қолданылады».

Сибига сондай-ақ Украина елшілеріне өздері қызмет атқарып жатқан елдердің ресми тұлғаларымен келіссөз жүргізіп, егер ресейлік және беларусьтік спортшыларды жіберу шешімі өзгермесе, 6 наурызда өтетін ашылу салтанатына бармауға шақыруды тапсырғанын айтты.

Бұған дейін Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) алты ресейлік және төрт беларусь спортшысына өз елдерінің туымен жарысқа қатысуға рұқсат бергенін хабарлаған. Бұл – 2022 жылдың ақпанында Украинадағы соғыс басталғалы бері алғаш рет қабылданған шешім.

Мұндай рұқсат өткен жылдың қыркүйегінде ХПК Бас ассамблеясы қабылдаған қарарға негізделген. Қарар Ресейге салынған шеттетуді күтпеген жерден алып тастап, Солтүстік Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына ұлттық рәміздерімен қатысуға мүмкіндік берді.

Қысқы Паралимпиада ойындары 6 наурызда басталып, 15 наурызға дейін жалғасады. Жарыстар Милан, Кортина-д’Ампеццо және Валь-ди-Фьемме қалаларында өтеді. Ресей мен Беларусь 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Паралимпиададан бастап ойындардан шеттетілген болатын. Қазір Италияда өтіп жатқан Олимпиадада бұл елдердің спортшылары тек бейтарап мәртебеде және мемлекеттік рәміздерсіз қатысуда.

Тегтер: