Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Украина Patriot және HIMARS зымырандарын PURL бағдарламасы аясында алады

Патриот
Фото: ЖИ

АҚШ пен одақтастары әзірлеген жаңа PURL бағдарламасы шеңберінде Украинаға алғашқы әскери көмек пакеттеріне Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің және HIMARS реактивті жүйесінің зымырандары енгізілмек. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Еуропарламент төрайымы Роберта Метсоламен Киевтегі бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.

Зеленскийдің айтуынша, Украина осы бағдарлама аясында серіктестерінен 2 миллиард доллардан астам қаржы алған. Қазан айында қосымша қаражат түсуі мүмкін.

«Жалпы көлемі 3–3,5 миллиард доллар шамасында болады деп ойлаймын», - деді ол.

Президенттің сөзінше, алғашқы екі қару-жарақ пен оқ-дәрі пакеттерінің құны әрқайсысы 500 миллион доллардан құрамақ.

PURL бағдарламасы деген не?

Бұл – АҚШ пен одақтастары Украинаға арналған жаңа әскери көмек тетігі. Оның толық атауы — Prioritised Ukraine Requirements List (PURL), яғни «Украинаның басым қажеттіліктер тізімі». Бағдарламаға сәйкес, Киев өзіне ең қажет қарулардың тізімін жасайды, ал одақтастар сол тізім бойынша АҚШ-тың қару-жарақтарын сатып алып, Украинаға жеткізеді.

АҚШ-тың шешімі

16 қыркүйекте Reuters агенттігі Трамп әкімшілігінің Украинаға арналған алғашқы екі көмек пакетін мақұлдағанын хабарлады. Олар жақын күндері жеткізілуі мүмкін.

Тамыз айында Financial Times басылымы Киевтің АҚШ-қа қауіпсіздік кепілдігі үшін 100 миллиард долларлық келісім ұсынғанын жазған болатын. Ол бойынша егер Вашингтон Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берсе, Киев АҚШ қаруларын сатып алады, ал келісімді Еуропа елдері қаржыландырады.

Тегтер: