Украина: Ресей 20 мыңға жуық баланы мәжбүрлі түрде көшірген немесе депортациялаған
Ресей соғыс басталғалы бері Украина аумағынан шамамен 20 мыңға жуық украин баласын мәжбүрлі түрде көшірген немесе депортациялаған.
Бұл туралы Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Дмитрий Лубинец мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің түпкі мақсаты – украин халқын геноцидке ұшырату.
Лубинец бұл мәлімдемені 23 ақпанда Киевте өткен Justice Conference халықаралық конференциясында жасады.
«Халықаралық гуманитарлық құқық тұрғысынан алғанда, қазір Ресей аумағында жүрген украин балаларының барлығы – депортация немесе мәжбүрлі көшіру құрбандары. Бұл – Украина анықтай алған 20 мыңға жуық баланың ғана саны», – деді ол.
Омбудсменнің айтуынша, Ресей украин балаларын «болашақтағы әскери ресурс» ретінде қарастырады.
«Ресейдің шынайы ниеті – украин халқының геноциді», – деп атап өтті Лубинец.
Зеленскаяның мәлімдемесі
Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленская да аталған конференцияда сөз сөйлеп, украин жасөспірімдерінің «қайта тәрбиелеу» деп аталатын милитаризацияланған лагерьлерге жіберілетінін айтты. Ал кәмелетке толғандары Ресей Қарулы күштеріне жұмылдырылатынын мәлімдеді.
Зеленскаяның сөзінше, өз еліне қарсы соғысқа қатысқан украин жастарының нақты тіркелген жағдайлары бар және олардың көпшілігі қаза тапқан.
«Ресейліктер басып алынған аумақтардан балаларымызды тұтас балалар үйлерімен алып кетті. Мариуполь мен басқа да (өздері қиратқан) украин қалаларында ата-анасы қаза тапқан балаларды да алып кеткен», – деді Зеленская.
Қайтарылған балалар
Лубинецтің айтуынша, Украина президентінің Bring Kids Back UA бастамасы аясында Ресейге депортацияланған немесе басып алынған аумақтарда болған 2003 бала елге қайтарылған.
«Балаларға Ресей армиясына қарсы “террористік әрекет” жасады деген айып тағылған жағдайлар да болды. Осындай балаларды да қайтаруға қол жеткіздік», – деді омбудсмен.
Ол Қатардың «күрделі жағдайлармен» жұмыс істеудегі рөлін атап өтіп, оның көмегімен 83 баланың қайтарылғанын айтты. Сондай-ақ Лубинец АҚШ-қа алғыс білдіріп, бірінші ханым Мелания Трамптың ұрланған украин балалары туралы Ресей президенті Владимир Путинге хат жолдағанын еске салды.
Омбудсменнің мәліметінше, украин балаларының соңғы тобы 2026 жылғы 13 ақпанда елге қайтарылған.