Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздердің бірінші раунды аяқталды

1
Фото: REUTERS

Абу-Дабиде АҚШ-тың араағайындығымен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің бірінші раунды аяқталды. Келіссөздер 24 қаңтар күні жалғасады.

Абу-Дабиде АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі жоспары аясында Украина, Ресей және АҚШ өкілдері арасындағы тікелей келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталды. «Бүгінгі келіссөздер тәмам», — деп хабарлады Украина президенті кеңсесі.

Алғашқы кездесудің басты тақырыбы соғысты аяқтауға мүмкіндік беретін «айқындаушы факторлар» болғанын Украина тарапынан келіссөз жүргізуші Рустем Умеров X (бұрынғы Twitter) платформасында мәлімдеді. Сондай-ақ келіссөздер процесінің «келесі логикасы» да талқыланған.

Умеровтің айтуынша, қосымша кездесулер 24 қаңтарға жоспарланған. Үш елдің өкілдері Ресейдің көрші мемлекетке қарсы соғысы басталғалы бері алғаш рет АҚШ-тың бейбітшілік жоспары аясында кеңес өткізуде.

Келіссөздер басталар алдында Мәскеу өзінің ең жоғары талабын тағы да растады: Украина армиясы Донбасс аумағынан толық, оның ішінде бұған дейін Ресей бақылауында болмаған өңірлерден де шығуы тиіс. AFP агенттігінің хабарлауынша, Украина бұл талапты қабылдамайды.

Тегтер: