Украина Ресеймен бейбіт келіссөздерді тоқтатты
The Times газетіне сұхбат берген Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислицаның айтуынша, 2025 жылы басталған Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер нәтиже болмағандықтан уақытша тоқтатылды.
Кислица мәлімдегендей, Украина жаз айларынан бері халықаралық серіктестерді Ресей президенті Владимир Путинге қысым жасауға және оны Украина президенті Владимир Зеленскиймен бетпе-бет кездестіруге көндіруге шақырып келген.
«Диктатура жағдайында диктатордың өкілдерімен нәтижелі келіссөз жүргізу мүмкін емес. Олар өз еркімен шешім қабылдамайды, тек берілген нұсқауды орындайды», — деді Кислица, Стамбулдағы үш кезеңдік кездесулер туралы айта келе.
Стамбулдағы кездесулер және тараптардың позициясы
Келіссөздер Түркияда үш кезеңмен — мамыр, маусым және шілде айларында өткен.
Украина делегациясы соғысты толық тоқтатуды және азаматтық инфрақұрылымға соққыларды доғаруды талап етті. Ресей тарабы, президент көмекшісі Владимир Мединскийдің жетекшілігімен, бітімге келуден бас тартып, аннексияланған аумақтарды мойындауды және Украина Қарулы күштерінің санын шектеуді талап етті.
Мәскеудің жауабы
Кислица сұхбатынан кейін Ресей СІМ өкілі Алексей Полищук ТАСС-қа берген түсіндірмесінде Кремль келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін айтты:
«Түркия тарабы бірнеше рет диалогты жалғастыруға шақырды. Ресейлік делегация дайын, енді шешім Украина жағында», — деді ол.
Полищуктың сөзінше, алдыңғы кездесулер кезінде әскери тұтқындармен алмасу, қаза тапқандардың сүйегін репатриациялау, бейбіт азаматтарды қайтару сынды гуманитарлық бағыттарда белгілі бір келісімдерге қол жеткізілген.
Полищук Украина «Стамбул процесі» шеңберінде үш жұмыс тобын құру туралы Ресейдің ұсынысына жауап бермегенін айтты. Ал Кислица бұл бастаманы «формалдық және имитациялық әрекет» деп атады.