Украина: Ресеймен келіссөздер тек атысты толық тоқтатқаннан кейін басталады

Украина президенті Владимир Зеленский Кремль ұсынған тікелей келіссөз бастамасына жауап ретінде Ресей тарапынан толық, ұзақмерзімді және сенімді атысты тоқтату режимі орнамайынша, Киев келіссөздер үстеліне отырмайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол 11 мамыр күні жасаған үндеуінде айтты.
«Бір күнге болса да соғысты жалғастырудың мәні жоқ. Біз 12 мамырдан бастап атысты толық тоқтатуды күтеміз. Сонда ғана Украина келіссөздерге дайын», – деді Зеленский.
Украина басшысы Ресей тарапының келіссөзге қатысты пікір білдіруін «соғысты тоқтатуға дайындықтың белгісі» деп бағалап, бұл – «бейбітшіліктің алғашқы қадамы – атысты тоқтату» екенін атап өтті.
Киевтің ресми ұстанымы: 30 күндік толық тыныштық – бейбітшілікке жол
Украина Президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Telegram-арнасында Киевтің талаптарын нақтылап берді:
«Кез келген келесі қадамның шарты – 30 күнге атысты толық тоқтату. Ресей мұны түрлі айламен бүркемелемеуі керек. Егер атысты тоқтатуға дайын болса – бұл соғысты тоқтатуға шынайы ниетті көрсетеді», – деді Ермак.
11 мамырда Киевте өткен кездесуде Украина, Германия, Франция, Ұлыбритания және Польша басшылары 12 мамырдан бастап жерде, әуеде және теңізде кемінде 30 күнге толық атысты тоқтату талабын жариялады. Бұл келісімге дейін олар АҚШ президенті Дональд Трамппен де кеңескен.
Алайда Ресей президенті Владимир Путин бұл талапқа тікелей жауап бермей, оның орнына 15 мамыр күні Стамбулда алдын ала шартсыз тікелей келіссөз өткізуді ұсынды. Ол бұл келіссөз «қақтығыстың түп-төркінін шешіп, ұзақ мерзімді бейбітшілікті орнатуға» бағытталуы тиіс екенін айтты.
Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков та Ресей «кейбір нюанстарды ескере отырып» атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген.
Франция президенті Эммануэль Макрон Путиннің ұсынысын «жеткіліксіз» деп бағалап, оны «нақты шешімнен жалтару және шынайы бейбітшілікті лонатудан қашу» деп атады.
«Бейбіт процесті бастау үшін ең алдымен сөзсіз атысты тоқтату қажет. Украина және оның серіктестері бұл талаптан бас тартпайды», – деді Макрон.
Ал Дональд Трамп екі тараппен де жұмыс істеуді жалғастырып, соғысты тоқтатуға ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.