Украина үкіметі АҚШ-пен ресурстық келісімді мақұлдады

Киевтегі министрлер кабинеті «Украина мен АҚШ арасында Инвестицияларды қалпына келтіру қорын құру туралы келісімге қол қою үшін қажетті шешімдерді қабылдауда» деді елдің премьер-министрі Денис Шмигаль.
Киев АҚШ-пен бұл елдің Украинаның минералдық ресурстарына, оның ішінде сирек металдарға қол жеткізуін қамтамасыз ететін келісімге қол қоюға дайын. Бұл туралы сәрсенбі, ақпанның 26-сы күні кешке жарияланған Украина премьер-министрі Денис Шмигальдың Telegram хабарламасында айтылған.
«Бүгін үкімет Украина мен АҚШ арасында Инвестицияларды қайтару қорын құру туралы келісімге қол қою үшін қажетті шешімдерді қабылдауда», - делінген хабарламада.
Шмигаль бұл құжаттың негізгі тұстарын атап өтті.
Шмигаль АҚШ-пен келісімнің шарттары бойынша
«Украинаның пайдалы қазбалары мен қазба байлығы Украинаныкі болып қала береді. Олар АҚШ-қа немесе басқа біреуге берілмейді», - дейді Денис Шмигаль.
Украина табиғи ресурстардан түсетін болашақ табысының 50 пайызын қорға аударады. Өз кезегінде Америка Құрама Штаттары қорға «Украинаны қалпына келтіруге қажетті қаражат, қаржы құралдары және басқа да активтер» түрінде үлес қосады.
«Қор жинаған қаражат тек Украинаны қалпына келтіруге бағытталған жобаларға салынады. Келісім Украинаның еуропалық интеграциялық үдеріс аясындағы міндеттемелерін ескереді», - делінген Денис Шмигальдың жазбасында.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина лидері Владимир Зеленский 28 ақпанда Ақ үйге келіп, сирек металдар бойынша келісімге қол қоюы мүмкін екенін айтқан.