Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Украина үшін соғысқысы келген қазақстандықты Ресей 12 жылға соттап жіберді

Тұран
Фото: ашық дереккөз

Ресейдің Ростов-на-Дону қаласындағы оңтүстік округтік әскери соты 19 жастағы Қазақстан азаматы Тұран Устюговты террористік ұйымға қатысу және террористік әрекетке дайындықтан өту бабы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырды.

«Азаттық Азия» басылымына мұны оның анасы Эльмира Жаңабаева хабарлаған.

Тұран Устюговтың анасының айтуынша, ұлы бірнеше мәрте Украинаға қолдау білдіретін ұстанымдарын ашық айтып жүрген. 2024 жылғы 27 қыркүйекте, 19 жасқа толуына екі апта қалғанда, ол үйінен кетіп қалған. Сол күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) анасына оның Қырғызстанмен шекарадан өткені жайлы хабар берген. Алайда кейінгі бағыт-бағдары белгісіз болып қалған. Арада бес күн өткен соң Тұран аннексияланған Қырым аумағында қолға түскен.

Тұран Устюгов Ресейде «террористік ұйым» деп танылған «Азов» пен «Русский добровольческий корпус» (РДК) құрамында соғысқа бару үшін «анкета толтырды» деген айыппен қамауға алынды. Қырым соты 4 қазан күні оны екі айға — 4 желтоқсанға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарған. Тергеу органдарының мәліметінше, Устюгов Украина тарапында соғысқа қатысуды мақсат етіп, Қырым арқылы өтуді көздеген.

Тұранның анасы Ресейге барып, ұлын көре алмай отыр – банк шоттарының бұғатталуына байланысты оған шетелге шығуға тыйым салынған. Эльмира ұлына адвокат жалдау үшін барлық жинаған қаржысын сатқан. Қазір ол Тұранға және онымен бірге тергеу изоляторында отырған адамдарға тамақ, дәрі-дәрмек, термокиім және басқа да қажетті заттарды жіберіп отырады.

– Біз қарсылық танытып жатқан украиндарға жәрдемдесуіміз керек дейтін, оған сенің елің емес қой, барудың қажеті жоқ деп айтатынмын. Майданға бармақшы болған оны райынан қайтару мүмкін болмады, - деді жігіттің анасы.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл іске байланысты ресми мәлімдеме жасап, «азаматтың жағдайын бақылауда ұстап отырғанын, дипломатиялық өкілдік жергілікті билік, адвокат, анасы және туыстарымен байланыста» екенін хабарлады.

Ресей құзырлы органының дерегінше, 606,9 мың қазақстандық Ресейде жүр. Одан кейін Қырғызстан (262,8 мың) мен Түркіменстан (92 мың) бар.