Украинада 22 жасқа дейінгі жігіттерге елден шығуға рұқсат берілді

Украина үкіметі 18 жастан 22 жасқа дейінгі ер азаматтар үшін шекарадан өту ережелерін жеңілдетті. Енді бұл жас санатындағы жігіттер соғыс жағдайына қарамастан, кедергісіз елден шыға алады.
Бұл туралы Украина премьер-министрі Юлия Свириденко мәлімдеді. Оның айтуынша, шешім ел ішінде жүрген жастарға да, түрлі себептермен шетелде қалып қойған азаматтарға да қатысты.
«Біз украиналықтардың Украинамен байланысын барынша сақтап қалуын қалаймыз», – деді ол. Өзгерістер қаулы ресми жарияланған күннен кейін күшіне енеді.
Еске салсақ, Ресейдің кең ауқымды басып кіруі басталғаннан бері Украинада әскери жағдай енгізілген болатын. Осы уақытқа дейін 60 жасқа дейінгі ер адамдарға елден шығуға тыйым салынып келген.
Шешімнің себебі
Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко бұл қадамның басты мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа ереже жастарға шетелде білім алу, тәжірибеден өту және заңды түрде жұмысқа орналасу үшін кең мүмкіндік береді.
«Біз жастардың жинаған тәжірибесі мен білімін болашақта Украина дамуы жолында қолданғанын қалаймыз», – деп жазды министр өзінің Telegram-арнасында.