Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:48

Украинада коррупция дауы: Әділет министрі Герман Галущенко қызметінен шеттетілді

Галущенко
Фото: ашық дереккөз

Украина үкіметі «Энергоатом» ұлттық компаниясындағы ірі коррупциялық іс бойынша тергеу басталғаннан кейін елдің әділет министрі, бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенконы қызметінен уақытша шеттетті.

Бұл шешім 12 қараша күні таңертең Киевте өткен үкіметтің шұғыл отырысында қабылданды. Үкімет басшысы Юлия Свириденко Telegram-арнасында:

«Министрдің міндетін уақытша атқару вице-министр Людмила Сугакқа жүктелді», — деп жазды.

Өзіне қатысты шешімге түсініктеме берген Герман Галущенко бұл шешіммен толық келісетінін мәлімдеді:

«Мен министр қызметіне жабысып отырған жоқпын және ондай ойым да жоқ. Тергеу кезеңінде шеттетілу — өркениетті әрі дұрыс қадам деп есептеймін. Мен заң аясында өз ұстанымымды қорғаймын және кінәсіз екенімді дәлелдеймін», — деді ол Facebook 

10 қараша күні Украинаның Ұлттық антикоррупциялық бюросы (НАБУ) Герман Галущенконың үйінде, сондай-ақ «Энергоатом» компаниясында және президент Владимир Зеленскийдің жақын серіктесі, «Квартал 95» студиясының тең иесі Тимур Миндичтің мекенжайында тінту жүргізді.

Тергеу мәліметінше, ұйымдасқан топтың басты мақсаты — «Энергоатомның» серіктестерінен келісімшарт сомасының 10-15%-ын заңсыз жолмен алу болған.

«Компания контрагенттеріне пара төлеу шарттарын тықпалап, төлемдерді бұғаттамау немесе жеткізуші мәртебесінен айырмау үшін “откат” талап еткен», — делінген НАБУ хабарламасында.

«Энергоатомды» бейресми тұлғалар басқарған

Антикоррупциялық бюроның мәліметі бойынша, жылдық табысы 200 млрд гривеннен асатын стратегиялық кәсіпорынды іс жүзінде ресми тұлғалар емес, ресми өкілеттігі жоқ, бірақ “смотрящий” рөлін атқарған тұлғалар басқарған.

НАБУ-дың YouTube-арнасында жарияланған бейнеролик сипаттамасында:

«Қылмыстық топ құрамында энергетика саласының қазіргі және бұрынғы шенеуніктері, белгілі кәсіпкерлер мен өзге де адамдар болған», — деп жазылған.

Украина қоғамында бұл іс үлкен резонанс тудырды. Себебі «Энергоатом» — елдің атом энергетикасының негізгі тірегі, ал оның айналасындағы жемқорлық энергетикалық қауіпсіздік пен халықаралық сенімге нұқсан келтіруі мүмкін деп бағаланып отыр.

Герман Галущенконың шеттетілуі Зеленский әкімшілігінің жоғары шенді шенеуніктер арасындағы “тазалау процесінің” жалғасып жатқанын көрсетеді.

Тегтер: