Украинада қос азаматтыққа рұқсат берілді

Тарихи шешім ел болашағына қалай әсер етеді?
Украина Жоғарғы Радасы ел үшін маңызы зор шешім қабылдады – енді азаматтар қос азаматтық ала алады. Арнайы заң жобасын парламенттегі 243 депутат қолдап, мақұлдады. Енді құжатқа мемлекет басшысы Владимир Зеленский қол қоюы тиіс.
Бипатризм – жеке тұлғаның қос азаматтық алу құқығы. Сонымен қатар, екі мемлекет одан барлық азаматтық міндеттерді орындауды талап ете алады.
Бұл бастаманы алғаш көтерген де – президенттің өзі. Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – елдегі демографиялық дағдарыстың алдын алу және шетелдегі украин диаспорасымен тығыз байланыс орнату. Қазіргі таңда Украинаның өз ішінде 32 миллионға жуық адам өмір сүрсе, шетелде тұратын украиндардың саны 25 миллионға жеткен.
Жаңа заң тек саяси-құқықтық мәртебені өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар экономикалық, әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан да тың мүмкіндіктер ашады. Сарапшылардың пікірінше, бұл тарихи шешім шетелде жүрген азаматтардың елге оралуына түрткі болуы мүмкін.
Сонымен қатар заң диаспора өкілдерінің ел экономикасына инвестиция салуына, әлеуметтік жобаларға араласуына және ұлттық бірлікті нығайтуға жол ашпақ.
Украинаның жаңа қадамы – жаһандану жағдайында мемлекет мүддесін қорғап, елден кеткен азаматтарын қайтаруға бағытталған маңызды стратегиялық шешім ретінде қарастырылып отыр.
Қазақстанда қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Ол үшін қылмыстық жаза қарастырылмаған, бірақ басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдап, бұл фактіні биліктен жасырған адам Қазақстан азаматтығынан айырылады.
Қос азаматтық алуға конституциялық тұрғыдан рұқсат берген елдер басқа елдермен келісім жасайды.
Қос азаматтыққа рұқсат беретін мемлекеттер тізімі:
- Ресей Федерациясының Конституциясы өз азаматтарының басқа елдің азаматтығына ие болуына тыйым салмайды. Бұл сонымен қатар Ресей азаматтығынан айыруға әкеліп соқтырмайды;
- Америка Құрама Штаттары басқа мемлекеттермен қос азаматтық немесе азаматтық туралы келісім жасамаған. Алайда бұл елдің заңнамасы өз азаматтарына басқа елдердің азаматтығын қабылдауға тыйым салмайды. Иә, АҚШ-та олар тек америкалық болып саналады;
- Ұлыбритания мен Ұлыбритания достастығы елдері арасында, Франция мен Канада, Испания мен АҚШ немесе Америка елдері, Италия мен Аргентина, Португалия мен Бразилия арасында қос азаматтық туралы шарттар жасалған.