Украинада ресейлік әскери тұтқынды өлтіргені үшін өмір бойына сотталды
Харьков қаласының соты Волчанск елді мекенінде украин әскери тұтқындарын өлтірді деген айып тағылған Ресей Қарулы күштерінің әскери қызметшісі Сергей Тужиловты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Бұл осындай қылмыс бойынша Украинада шығарылған екінші үкім.
Сот мәліметінше, айыпталушы 2024 жылдың жазында Волчанск қаласындағы агрегат зауыты аумағында украин әскери тұтқынын қасақана өлтірген. Үкім 13 қаңтарда жарияланды.
Сот залында сөйлеген Тужилов айыпты мойындағанын айтып, кешірім сұрады:
«Айып әділ. Мен бұл қылмысты шынымен жасадым. Өкінемін және толық мойындаймын. Сондықтан маған ең ауыр жаза – өмір бойы түрме берілмеуін сұраймын. Қаза тапқандардың туыстарынан кешірім өтінемін», - деді ол.
Айыпталушының үкімге бір ай ішінде шағым түсіруге құқығы бар.
Қылмыстың мән-жайы
37 жастағы Сергей Тужилов Ресей Қарулы күштерінің 69-мотоатқыштар дивизиясына қарасты 82-мотоатқыштар полкінің гранатомёт бөлімшесін басқарған. Ол 2024 жылғы қыркүйекте Харьков облысындағы Волчанск қаласында украин әскерилері тарапынан тұтқынға алынған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың жазында Ресей әскерінің Харьков облысына шабуылы кезінде Тужилов пен өзге де ресейлік әскери қызметшілер Волчанск агрегат зауытының аумағын басып алған. Сол жерде үш украин әскери тұтқынын өлтіргені анықталған.
Украина Бас прокуратурасы хабарлауынша, тұтқындардың бірін ату туралы бастаманы Тужилов өзі көтерген, қылмыс жасалатын орынды таңдаған және атуды бақылаған. Кейін қолға түскен тағы екі украин әскери тұтқыны да сол зауыт аумағында, Ресей Қарулы күштері командованиесінің бұйрығымен өлтірілген.
«Тужилов басқа бір әскери қызметшімен алдын ала келісіп, қылмысқа тікелей қатысқан. Екеуі де тұтқындардың басынан бір-бір оқ атқан», - делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Қаза тапқандардың мәйіттері әлі табылған жоқ. Прокурор Никита Далека DW-ға берген түсініктемесінде олардың зауыт аумағында болуы мүмкін екенін, бірақ бұл аймаққа украин тарапының кіру мүмкіндігі жоқ екенін айтты.
Сот шешімі және өтемақы
Сот процесі 2025 жылдың жазында басталып, бастапқыда жабық форматта өткен. Кейін мемлекеттік айыптаушы Тужиловқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, қорғау тарапы 15 жылмен шектеуді талап еткен.
Сот қаза тапқан әскери қызметшілердің әйелдері, балалары мен ата-аналарын жәбірленуші деп танып, азаматтық талап аясында айыпталушыдан әр жәбірленушіге 2 миллион гривна көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Сергей Тужилов – Украинада әскери тұтқынды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған екінші ресейлік әскери. Бұған дейін, 2025 жылдың қарашасында, Запорожье қаласының соты ресейлік әскери Дмитрий Курашовты да дәл осындай жазаға кескен болатын. Ол 2024 жылдың қаңтарында Запорожье облысында Украина Қарулы күштерінің позицияларына шабуыл кезінде тұтқынды өлтірді деп танылған.