Украинада Януковичке жерді заңсыз иемдену ісі бойынша тағы 15 жыл жаза кесілді
Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичті Киев облысындағы жер телімін заңсыз иемдену ісі бойынша сырттай 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Бұл жөнінде Украинаның мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы хабарлады.
Соттың мәліметінше, Янукович 2007 жылы, Украина премьер-министрі қызметін атқарып жүрген кезінде, Киев облысындағы Сухолуцкий ауылдық кеңесі аумағында орналасқан, орман-аңшылық қорының жеріне жататын 17,5 гектар жер телімін заңсыз түрде өз иелігіне алған. Тергеу бұл жердің шамамен 22 млн гривнадан астам бағаланатынын көрсетті.
Тергеу деректеріне сәйкес, экс-президенттің серіктестері Киев облысы әкімдігіне әрқайсысына 1 гектарға дейін жер бөлу туралы өтініштерді үшінші тұлғалар арқылы тапсырған. Кейін жердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, учаскелер Януковичтің бақылауындағы компанияға берілген. 2009–2011 жылдары бұл аумақта қонақүй-ресторан кешені салынған және ол нысан экс-президенттің жеке қажеттіліктері үшін пайдаланылған.
Антикоррупциялық прокуратура аталған қылмысқа Януковичтің бір серіктесінің де қатысы барын мәлімдеді. Алайда ескіру мерзімінің өтуіне байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, оның аты-жөні жарияланбады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 28 сәуірде Киевтің Подольский аудандық соты Януковичті сырттай тағы 15 жылға соттаған болатын. Ол кезде экс-президент мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуді ұйымдастырды және дезертирлікке итермеледі деген айыптар бойынша кінәлі деп танылған. Сол істе Украина Мемлекеттік күзет басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Константин Кобзар да сырттай 10 жылға сотталған.
Бұл Януковичке Украинада шығарылған сырттай үшінші үкім. Бұған дейін, 2019 жылдың қаңтарында, ол мемлекетке опасыздық жасау және Украинаға қарсы агрессиялық соғысқа көмектесу баптары бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сол кезде Мемлекеттік күзет басқармасының 15 бұрынғы қызметкеріне дезертирлік бойынша күдік жарияланған.
Айыптау қорытындысында Януковичтің Украинадан Ресейге ресми әуе өткізу бекеттерінен тыс жер арқылы ұшып кеткені көрсетілген. Ол және оның жақтастары Донецк облысының Мангуш ауданындағы Урзуф ауылы маңынан үш ресейлік әскери тікұшақпен Ресейдің Ейск қаласындағы әскери аэродромға жеткізілген, одан әрі Қырымға барған. Севастопольде болған кезінде Янукович күзетшілерін дезертирлікке итермелегені, кейін олардың бір бөлігімен теңіз арқылы Ресейге кеткені айтылады. Тергеу бұл маршрут Ресейдің арнайы қызметтерімен ұйымдастырылғаны және Путинмен жеке келісілгенін көрсетеді.
Ресейде жүрген кезінде Янукович бірнеше рет өзін «заңды президент» деп атап, Украинаға Ресей әскерін енгізуді сұраған петицияға қол қойған. Алайда Мәскеу Украинада сайланған президент Порошенконы заңды мемлекет басшысы ретінде танығаннан кейін, Янукович қоғамдық мәлімдемелер мен БАҚ-пен байланысын іс жүзінде тоқтатқан. Қазір ол Мәскеу облысындағы Барвиха кентінде тұрады.