Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 05 Қаңтар 2025

Украинадағы соғысқа қатысқан өзбек азаматы сотталды

сот
Фото: gazeta.uz

Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқан Өзбекстан азаматы 10-нан астам украин сарбазын өлтіргенін мойындады.

Өзбекстан соты 39 жастағы ер адамды Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқаны үшін 4 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Айыпталушы соғыс кезінде 10-нан астам украин жауынгерін өлтіргенін айтты. Қылмыстық істер бойынша Әндіжан қалалық соты 4 желтоқсанда өткен отырыста Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқан Өзбекстан азаматына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Gazeta.uz жазды.

Айыптау қорытындысы бойынша, Мархамат ауданынан 2023 жылдың сәуір айында жұмыс іздеп Мәскеуге кеткен 39 жастағы Т. Ресей Қарулы Күштері қатарына қосылуға және Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдарына қатысуға шешім қабылдаған.

2023 жылдың 21 шілдесінде ол Ресей Қарулы Күштерімен № 625 келісім-шартқа отырған. Сол жылдың желтоқсанына дейін Украинаның Шахтерск және Бахмут қалаларында орыс әскерлері жүргізген соғысқа қатысып, 2023 жылы 31 желтоқсанда Өзбекстанға оралған.

Ол 2023 жылдың 17 сәуірінде Мәскеуге келіп, алдымен «Сарок» ет дүкенінде 15 күн жұмыс істеген, кейін «Новатек» мұнай биржасына жұмысқа орналасқан. Сол жерде жүріп Ресей Федерациясының Қарулы Күштері қатарына Украинаға қарсы соғыс қимылдарына қатысуға ай сайынғы жоғары жалақыға шақырған Ресей азаматын кездестірген.  Сотталушының айтуынша, жаңа танысы жарақат алсаң да өтемақы төленетініне уәде берген. Өзбекстан азаматы бұл ұсынысқа қызығушылық танытып, 2023 жылдың маусым айында келісімшартқа отырып, Мәскеудегі полигонда екі ай әскери дайындықтан өткен.

2023 жылдың 21 шілдесінде ол ресейлік күштермен қосымша келісім-шарттар жасап, оған сәйкес соғыс қимылдарына қатысқаны үшін айына 450 мың рубль (сол кездегі курс бойынша шамамен 4 950 доллар) алатын болған. Алдымен оған 150 мың рубльден екі рет ақы төленгенімен, кейін төлем тоқтатылған.

2023 жылдың қараша айына дейінгі соғыс кезінде сотталушы өз мойындауы бойынша 10-нан астам украин әскери қызметкерін өлтірген. Майдандағы белсенділігі үшін ол орыс әскерлерінің барлау бөліміне ауысқан.  Содан кейін бес ай бойы Луганскідегі соғыс қимылдарына қатысқан.

2023 жылдың желтоқсанында ол Мәскеуге оралып, Ресейде қызметте қалу ұсынысынан бас тартып Өзбекстанға қайтқан.

"2023 жылдың 31 желтоқсанында азамат Қазақстан шекарасын кесіп өтіп, Өзбекстанға оралған, содан кейін ол өз еркімен құқық қорғау органдарына арызданған және Ресей Қарулы Күштерінде қызметін растайтын барлық құжаттарды ұсынған", делінген сот шешімінде.

Кездесуде сотталушы өз әрекетіне өкінетінін айтып, өзінің материалдық жағдайының қиындығымен және отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтқан.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды (кінәсін толық мойындау, өкіну, соттылығының болмауы, отбасылық жағдайы және үш баланың болуы) ескеріп, оған 4 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Оған бақылаушы органның келісімінсіз тұрғылықты жерін өзгертуге, сондай-ақ Әндіжан облысының аумағынан шығуға тыйым салынады.

Тегтер: