Украинадағы соғыста 92 АҚШ азаматы қаза тапты – БАҚ

The New York Times басылымының хабарлауынша, Украина тарихы музейінің деректеріне сәйкес, Украина жағында әскери қимылдарға қатысқан 92 америкалық азамат көз жұмған.
Басылым мәліметінше, Украина армиясына қосылған америкалықтардың жалпы саны «мыңнан бірнеше мыңға дейін» болуы мүмкін.
Олардың көбі – бұрынғы әскерилер. Америкалықтар украин сарбаздарымен тең дәрежеде қызмет етіп, бірдей төлем алған: айына шамамен 1 мың доллар негізгі жалақы және 3 мың долларға дейінгі үстемақы.
АҚШ азаматтарының Украина армиясына қосылуы негізінен 2022 жылғы соғыстың алғашқы айларында байқалған. Олардың арасында тек бұрынғы әскери қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар бейбіт тұрғындар, әйелдер және медицина қызметкерлері де болған.
Айта кетейік, Украина Қорғаныс министрлігі америкалық әскери еріктілер жайлы ешқашан ресми ақпарат таратқан емес.