Украинадан оралған қазақстандық журналистер Астана әуежайында ұсталып, кейін босатылған
Астана әуежайында Украинадан оралған қазақстандық журналистер Лұқпан Ахмедияров, Рауль Упоров және олардың операторы Еркебұлан Ғапуов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде журналист Динара Егеубаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, журналистер Украинаға жасаған сапарынан кейін Астанаға оралған сәтте шекаралық бақылау кезінде ұсталған. Егеубаеваның жазуынша, шекара қызметкерлері оларды соңғы уақыттағы халықаралық жағдайға байланысты тексеру жүргізілетінін айтып тоқтатқан.
“Қазір бізді босатты. Кешірім сұрап, “кешіріңіздер, осылай болып қалды” деді. Не солай болып қалды? Бізді не үшін ұстады? Ешкім түсіндірген жоқ. Төлқұжаттарымызды қайтарып берді. “Қазақстанға қош келдіңіздер!” деді” дейді Рауль Упоров.
Журналистердің айтуыгша, оларды ҰҚК қызметкерлері тексеретінін айтқан.
Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров – Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерді ашық көтеріп жүрген “Просто журналистика” атты YouTube арнасының авторлары. Бұл арна бұған дейін бірнеше рет бұғатталып, кейін халықаралық және жергілікті баспасөзді қорғау ұйымдарының араласуымен қайта қалпына келтірілген.
Журналистер өз материалдарында елдегі маңызды әлеуметтік және саяси тақырыптарды жиі қозғайды. Сондай-ақ олар Украинадағы соғысқа байланысты ақпарат таратып келеді.