Украинадан қашқан босқындар саны 4,5 миллионнан асып кетті – БҰҰ
24 ақпаннан бері Украинадан 4,5 миллионнан астам адам кетіп қалды. Бұл туралы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариат басқармасы мәлімдеп отыр.
«Алғашқы бес аптада Украинадан төрт миллионнан астам босқын көрші елдер шекарасынан өтіп кеткен. Сондай-ақ ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болғандар санында есеп жоқ. Олардың бәрі қорғау мен қолдауды қажет етеді», — делінген БҰҰ мәлімдемесінде.
9 сәуірдегі жағдай бойынша босқындардың ең көп саны – шамамен 2,6 миллион адам – Польша шекарасын кесіп өтті. Румынияға 686 мың, Венгрияға 419 мың адам баоған. Босқындар Молдоваға (410 мың), Ресейге (404 мың) және Словакияға (314 мың) да кеткен. 7 сәуірде Беларусь еліне 19 мың адам кірген. 21-23 ақпан аралығында Донецк пен Луганск облыстарынан Ресейге 113 мың адам кеткен.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, басқа елдерге қоныс аударған украиналықтар да көп. Оның ішінде Германия, Франция, Италия, Чехия және ЕО-ның басқа елдері, сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания және Австралия елдері украиналық босқындарды қабылдап жатыр.