Украинаға қарсы соғысып жатқан 20 мың натурализияланған ресейлік бар

Ресей Тергеу комитетінің төрағасы айтқандай, жақында ғана Ресей азаматтығын алған 80 мың адам тіркеуге қойылған. Оның ішінде 20 мыңы «алдыңғы шепте» жүр деп мәлімдеді Бастрыкин.
2025 жылғы 20 мамыр, сейсенбі күні Санкт-Петербург халықаралық құқықтық форумында (ПМЮФ) Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Ресей мен Украина арасындағы соғысқа Орталық Азия елдерінен шыққан, Ресей азаматтығын алған 20 мың адамның қатысып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – қауіпсіздік күштері жүргізген рейдтер кезінде анықталған натурализацияланған ресейліктердің жалпы санының төрттен бірі.
«Біздің әскери-тергеу басқармамыз арнайы рейдтер жүргізіп жатыр. Біз 80 мың адамды анықтадық – олар Ресей азаматы болса да, тіпті әскери комиссариатқа барғысы келмейді. Сол 80 мың адамның барлығы әскер қатарына тіркеуге алынды. Ал соның ішінде 20 мың "жас" Ресей азаматы – олар неге екені белгісіз, Өзбекстанда, Тәжікстанда немесе Қырғызстанда өмір сүргісі келмейтіндер – қазір алдыңғы шепте жүр», – деді Бастрыкин ТАСС агенттігі таратқан мәліметте.
Оның айтуынша, бұл жағдай Ресей билігінің миграциялық саясатқа қатысты ұстанымына жаңаша көзқарас қажет екенін көрсетеді. Сонымен қатар Бастрыкин әскери міндетті орындаудан жалтарған азаматтарға қатысты шаралар күшейтілетінін де ескертті.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін қауіпсіздік күштері Ресей азаматтығын натурализация арқылы алған ер адамдарды іздеп, үнемі рейдтер жүргізіп келеді. Рейд барысында олар шақыртуларды (повестка) қолына тапсырып, азаматтарды күштеп әскери комиссариаттарға алып кетеді. Кей кездері бұл ер адамдарды Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейді. Егер бас тартса, оларды Ресей азаматтығынан айырып, шыққан еліне депортациялаймыз деп қорқытады.
Бұған дейін, бір жыл бұрын, Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин қауіпсіздік қызметкерлері жақында Ресей азаматтығын алған, бірақ әскери есепке тұрмаған 30 мыңнан астам мигрантты «ұстағанын» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, сол кезде шамамен 10 мың адам тылдағы бөлімдерге – окоп қазып, қорғаныс бекіністерін тұрғызуға жіберілген.
Бұл жағдай Ресей билігінің миграциялық және әскери саясатында күштеуге сүйеніп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл соғысқа тартылғандардың көпшілігі өз еркімен емес, қысым арқылы майдан шебіне жөнелтіліп жатқанын аңғартады.