Украинаға ұзақ қашықтыққа арналған қаруды қолдануға рұқсат берілді

Украинаға Батыс елдері жеткізіп жатқан қаруды енді Ресей аумағындағы әскери нысандарға қарсы қолдануға рұқсат берілді.
Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц WDR телерадиокомпаниясы ұйымдастырған форумда мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина өзін қорғау мақсатында Ресейдің шекара маңындағы әскери инфрақұрылымдарын соққыға алу құқығына ие болды.
Бұған дейін Киевке берілген қару-жарақ тек өз аумағында қорғаныс мақсатында пайдалануға рұқсат етілген еді. Бұл шектеу әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерінің жіберген жоғары дәлдіктегі зымырандарына қатысты болды. Енді аталған шектеу алынып тасталып, Украинаға соғыс қимылдарын кең ауқымда жүргізуге мүмкіндік беріліп отыр.
Фридрих Мерцтің айтуынша, бұл шешімді Германия ғана емес, Ұлыбритания мен Франция да қабылдаған. Ал Америка Құрама Штаттары тарапынан да бұған қарсылық білдірілмеген. Германия канцлері бұл өзгерістің басты мақсаты — Украинаға Ресейдің әскери шабуылдарын тоқтатуға нақты мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Ресей бұл шешімге бірден қатқыл жауап қайтарды. Президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасап, бұл әрекеттің “өте қауіпті салдарға әкелуі мүмкін” екенін ескертті. Оның сөзінше, Батыс елдерінің мұндай әрекеті Украина арқылы Ресейге тікелей соғыс ашуға жақындай түседі.
Мемлекеттік Дума депутаты Виктор Водолацкий болса, бұдан да өткір мәлімдеме жасады. Ол:
«Егер Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар жеткізіліп, олар Ресейдің ішкі аймақтарын соққыға алса, Мәскеу жауап ретінде басқа, әлдеқайда қуатты қаруларды қолдануға мәжбүр болады», - деді.
Бұл өзгеріс соғыстың жаңа кезеңіне өтуі мүмкін. Украина енді шекара сыртында да операциялар жүргізе алады, бұл Ресейдің тылдағы инфрақұрылымдары мен логистикасына айтарлықтай соққы болмақ. Сонымен қатар бұл шешім Мәскеу мен Батыс арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтіп, ядролық қауіп-қатерге дейін алып келуі ықтимал деген алаңдаушылық та жоқ емес.