Украинаға ядролық қару берілуі мүмкін бе? Ресей барлауы мәлімдеме жасады
Ресейдің Сыртқы барлау қызметі (СВР) Ұлыбритания мен Франция Украинаға ядролық қару саласындағы құрамдас бөліктерді, жабдықтар мен технологияларды жасырын түрде беру мүмкіндігін қарастырып жатыр деп мәлімдеді.
Бұл туралы ресейлік мемлекеттік ақпарат көздері хабарлады.
СВР нұсқасына сәйкес, сөз еуропалық әзірлемелер туралы болып отыр. Атап айтқанда, Францияның TN75 шағын габаритті жауынгерлік бөлігі аталған. Ресей тарапы мұндай қадам Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) бұзу болып саналатынын алға тартады.
Алайда жарияланым сәтінде бұл ақпаратқа қатысты Ұлыбритания, Франция немесе халықаралық ұйымдар тарапынан ресми растау берілген жоқ.
Мәскеудің реакциясы
Ресей Федерациясы Федерация кеңесінде Украинаға ядролық қару беру гипотетикалық тұрғыда «шабуыл» ретінде бағаланатыны мәлімделді. Ресей сенаторлары Ұлыбритания мен Франция парламенттеріне, Еуропарламентке, сондай-ақ БҰҰ мен Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) тиісті сауалдар жолдап, мәселені тексеруді талап еткен.
Федерация кеңесінің мәлімдемесінде Ресейдің ядролық доктринасына сәйкес, ядролық қаруы жоқ мемлекеттің ядролық держава қолдауымен жасаған агрессиясы бірлескен шабуыл ретінде қарастырылатыны атап өтілген.
Қазіргі таңда Украинаға ядролық қару немесе оның компоненттерін беру жөнінде Батыс елдері тарапынан нақты шешім қабылданғаны туралы дәлелденген ақпарат жоқ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам халықаралық құқық нормалары мен ЯҚТШ талаптарына қайшы келеді және жаһандық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіруі мүмкін.
Осылайша, әзірге Ресей барлауының мәлімдемесі ақпараттық деңгейде қалып отыр, ал халықаралық қауымдастық тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.