Украинаның аумақтық тұтастығын 80 ел қолдап дауыс берді
Швейцарияда өткен бейбітшілік саммитінің қорытынды құжатын 80 ел қолдап дауыс берді. Олар «Украинаның аумақтық тұтастығы кез келген бейбіт келісімнің негізі болуы керек» дейді.
Euronews мәліметінше, жексенбі күні Швейцарияда өткен бейбітшілік саммитінде 80 ел Украинаның «аумақтық тұтастығы» - кез келген бітімгершілік келісімнің негізі болу керектігі айтылды. Дегенмен кейбір ірі дамушы елдер бұл үндеуге қосылмады.
Ресей қатыспаған Бургенсток курортындағы екі күндік конференцияның көптеген қатысушылары аталған жиын бейбітшілікке жол бастайтынына үмітті. Конференцияға 100-ге жуық делегация, негізінен Батыс елдері, сондай-ақ кейбір ірі дамушы елдер қатысты.
Ядролық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және тұтқын алмасу мәселелеріне арналған қорытынды құжатқа қол қоймағандар арасында Бразилия, Үндістан және Сауд Арабиясы, Ватикан болды.
Мәлімдемені қолдағандар арасында Швейцария, Түркия, Еуроодақ елдері және АҚШ бар.
Сарапшылардың пікірінше, екі күндік конференция соғысты тоқтатуға аз әсер етуі мүмкін, себебі оған соғысты бастаған ел Ресей шақырылмаған. Оның негізгі одақтасы, отырысқа қатыспаған Қытай мен бақылаушы ретінде қатысқан Бразилия бейбітшілікке жетудің басқа баламалы жолдарын бірлесіп іздейтінін айтады.
Қорытынды мәлімдеме үш тақырыпты – ядролық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және тұтқындарды алмасуды қамтыды. Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Киев пен Мәскеу арасындағы келіспеушіліктің басқа да көптеген салаларын еңсеру қиынырақ болатынын меңзеген.
Жиында Украина үкіметі 19 546 бала елден депортацияланған немесе күштеп көшірілгенін мәлімдеді. Ал Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова украиналық балалар үйінен кемінде 2 мың бала шығарылғанын айтады.