Украинаның бұрынғы энергетика министрі екі айға қамауға алынды
Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты 17 ақпан күні ақшаны жымқырды деп айыпталған елдің бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенконы 60 тәулікке – 15 сәуірге дейін қамауға алу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Галущенко 200 млн гривна (шамамен 3,9 млн еуро) көлемінде кепіл ақша төлеген жағдайда босатылуы мүмкін. Айыптаушы тарап кепіл сомасын 425 млн гривна (шамамен 8 млн еуро) етіп белгілеуді сұраған. Ал Галущенко сотта 30 млн гривнадан артық төлей алмайтынын мәлімдеген.
Егер ол уақытша босатылса:
Киев қаласы мен Киев облысының аумағынан шығуға тыйым салынады;
іс бойынша басқа фигуранттармен, соның ішінде Тимур Миндичпен байланыс жасауына шектеу қойылады.
«Интерфакс-Украина» агенттігінің жазуынша, Галущенко сот шешімімен келіспейтінін айтып, апелляция беру үшін адвокаттарға қаражат жинайтынын мәлімдеген.
Герман Галущенко 15 ақпанда Украина аумағынан кетпек болған кезде ұсталған. Украина Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы мен Ұлттық антикоррупциялық бюросының мәліметінше, ол «Энергоатом» компаниясындағы ірі көлемдегі қаржы жымқырумен байланысты «Мидас» ісінің фигуранты саналады.
16 ақпанда оған ақшаны жымқыру, үкіметте қызмет еткен кезеңінде энергетика саласындағы заңбұзушылықтар арқылы 112 млн доллардан (94 млн еуро) астам қаражат алған қылмыстық ұйымға қатысу бойынша айып тағылды.
Галущенко 2021 жылдың сәуірінен 2025 жылдың шілдесіне дейін Украина энергетика министрі қызметін атқарған. Кейін президент Владимир Зеленский оны әділет министрі етіп тағайындаған.
2025 жылдың 10 қарашасында Ұлттық антикоррупциялық бюро Галущенконың, сондай-ақ «Энергоатом» компаниясында және Зеленскийдің ұзақ жылдарғы серіктесі, кәсіпкер әрі «Квартал 95» студиясының тең құрылтайшысы Тимур Миндичтің кеңселерінде тінту жүргізген.
12 қарашада жанжал аясында Галущенко әділет министрі міндетін атқарудан шеттетілген.
Тергеу дерегінше, «Энергоатомдағы» қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар компания келісімшарттарының 10–15 пайызы көлемінде «откат» талап еткен.
Яғни:
жеткізушілерге төлемдердің бұғатталмауы үшін,
жеткізуші мәртебесін сақтап қалу үшін
пара төлеуге мәжбүр болған.
Бұл тәжірибе «шлагбаум» деген атауға ие болған.