Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:41

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Николай Азаров сырттай 15 жылға сотталды

Николай Азаров
Фото: Коммерсанть

Киевтің Печерск аудандық соты Украина премьер-министрі қызметін атқарған Николай Азаровты сырттай 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 

Сондай-ақ оның бүкіл мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді

Үкім 25 қарашада қабылданған, алайда іс материалдары тек 2 желтоқсанда жарияланған. Осыдан кейін украиналық журналистер сот шешіміне назар аударды.

Соттың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Ресейде тұрып жатқан Азаров мемлекетке опасыздық жасады және конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге талпынды деген айып бойынша кінәлі деп танылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Азаров өзінің Telegram-арнасы арқылы Ресейдің үгіт-насихатын таратқан. Бұл контентті дайындауға оған бұрын Киевтегі Шевченко аудандық әкімшілігінде жұмыс істеген екі Украина азаматы көмектескен. Тергеу олардың «материалдарды жазып, редакциялап, кураторларға жариялауға арналған арандатушылық мәтіндер жіберіп отырғанын» алға тартады.

Николай Азаров 2010-2014 жылдары Украина премьер-министрі қызметін атқарды. Ол кезде президент болған Виктор Янукович оны үкімет жетекшісі лауазымына ұсынған.

2014 жылы Янукович биліктен тайдырылған соң, Азаров Украинадан қашып, Ресейге тұрақтаған. Киев билігі оған бірнеше қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған.